Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда өртенген жатақхана тұруға жарамды, - Сараптама

AstanaTV
25.02.2021ж. 20:00
1996
Қызылжарда өртенген жатақхана тұруға жарамды, - Сараптама

Қызылжарда өртенген жатақхана адам тұруға жарамды. Ғимараттың техникалық жағдайын сараптаған компания бүгін шешімін жариялады. Сарапшылардың айтуынша, нысанның негізгі қабырғалары зақымданбаған. Тек бірінші мен екінші қабаттың арасындағы бетон плиталар ғана сыр берген. Енді мердігерлер оны тез арада жөндеуді жоспарлап отыр.

Игорь КИСЕЛЕВ, САРАПТАМА МЕКЕМЕСІНІҢ ӨКІЛІ:

 
Тұрғын үйдің 25-30 пайызы зақымданған. Негізгі тіреуіштері сау. 8 бетон плитасын күшейту керек, я болмаса ауыстыру қажет. Жалпы баспана апатты емес, жөндеу жұмыстарынан кейін тұруға жарамды.


Жатақхананы жаңғырту жұмыстарымен алты мердігерлік компания айналыспақ. Құрылысшылар жылу жүйесін қалпына келтіріп, әйнек-есіктерді ауыстыруда. Билік өкілдерінің айтуынша, баспананың сол жақ қанаты бұзылмаған. Сондықтан атқамінерлер тұрғындардың тең жартысын демалыс күндері қайта қоныстандырмақшы.

Болат ЖҰМАБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:


Сенбі күні жоспар бойынша тұрғындарға кіруге мүмкіндіктері бар. Ең бастысы— жылуы бар, әйнектерін қойдық, есіктерін толықтай орнына келтірдік. Әрине бірінші қабатта кафе болған жерде құрылыс жағынан жұмыстар өткізілгесін тіпті әрі қарай 2-3 қабатты нақты қашан кіргізетінімізді белгілейміз. Ол бүгін нақты белгіленеді.

Еске салайық, өткен демалыс күндері Петропавлда бес қабатты жатақхананың бірінші және екінші қабаты өртеніп, екі адам қаза болды. Тағы 10 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Өрттің салдарынан екі жүзге жуық адам баспанасыз қалды. Олар жергілікті университеттің жатақханасын паналап отыр.

А. Құрманкин