Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтау қазақстандық Анталияға айналуы тиіс - Н.Назарбаев

Ақтау қазақстандық Анталияға айналуы тиіс - Н.Назарбаев

Каспий теңізі маңындағы қала - қазақстандық Анталияға айналуы тиіс. Парк, гольф клубтары, жайлы қонақ үйлер мен сауда орталықтары. Ақтауда туристер үшін осындай нысандар салу жоспарда бар. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл идея сәтті жүзеге асырылып келеді. Өңірдің келбеті де жыл санап көркейе түскен. Ақтаудың туристік келбеті мен оның болашағы жайлы келесі материалда.

Маңғаз Маңғыстау ежелден табиғи саябақтар, қасиетті орындарымен және тарихи ескерткіштермен танылған қала. Десе де, осыдан жиырма жыл бұрын, мұндағы туристік ахуал мүшкіл еді. Жағдай Каспий маңы елдері басшыларының Саммитіннен кейін түбегейлі өзгере бастады. Сол сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірді Каспийдің інжу-маржанына айналдыруды тапсырған еді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мен Алакөл, Балқаш, Бурабайдағы демалыс орындарына бардым. Ол жақтағы жағдай әрине көңіл қуантады. Дегенмен дамуды тоқтатпау қажет. Бұл демалыс аймағы да отандық туризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Болашақта Ақтау қазақстандық Анталияға айналатынына сенімдімін.


Президент тапсырмасынан аймақта туризмді дамытудың 2024 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Бір ғана Ақтауда 12 жоба жүзеге асырылуда. Келер жылы тақырыптық саябақ, гольф клубтары, жайлы қонақ үйлер мен сауда орталықтарының құрылысы басталмақ.

Гүлсім ЖАРИЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. 2-3 жылдан кейін, егер биылғы жоспарланған жобалар іске асырылса, Түркия сияқты елдерден кем болмаймыз.

Қала туристер үшін қазірдің өзінде тартымды. Мұнда келуге ел азаматтары ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығы артқан. Мәселен өткен жылы пандемияға қарамастан өңірге 200 мыңнан астам турист демалуға келген.

Кристина БЕЦИК, АҚТАУ қ. ТУРИСТІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

2020 жылдың наурыз айында өте күшті шектеулер болды. Алайда тосқауылдарға қарамастан, отандық келушілерді қабылдауды жалғастыра бердік. Бізде Каспий теңізінің жағасында демалуға мүмкіндік болды.

Осыдан бес жыл бұрын облыста атағы айға жететін этноауыл пайда болды. Ақтаудан 170 шақырым жерде 15 киіз үй бар. Қонақтар бұл өлкені ежелгі көшпенді халықтың тұрмысымен танысу үшін таптырмайтын жер деп бағалаған.

Айгүл ЖАСЫБАЕВА, АҚТАУ қ. ТУРИСТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:

Ұлыбританиядан Қазақстан туралы кітап жазған жазушы келді. Сондай-ақ Құранды орыс тіліне аударған Иман Валерия да көрікті мекеннен ерекше әсер алғанын жеткізді. Шетелдіктер үшін жергілікті мәдениетпен танысу өте қызық.

Маңғыстауға келетін туристер саны 2030 жылға қарай 800 мыңға дейін өседі. Демалыс үшін көрсетілетін қызметтер сапасы артып, шамамен 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Ғ.Өтемісов