$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО-дағы мектеп меңгерушісі тикток түсіргені үшін жұмысынан қуылды

AstanaTV
19.04.2021ж. 20:00
2693
БҚО-дағы мектеп меңгерушісі тикток түсіргені үшін жұмысынан қуылды

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы музыкалық мектептің меңгерушісі тикток түсіргені үшін жұмысынан қуылды.

Билеп жүріп, бір сәтте жұмыссыздардың қатарына қосылған Сандуғаш Бисенғалиева басшысының бұл шешімімен келіспейді. Айтуынша, бұған директормен арадағы араздық себеп болыпты. Сандуғаш Бисенғалиева мектеп директоры мен бас есепшінің ақша жымқырғанын аңғарыпты. Осылайша құзырлы органдарға арызданған. Аудиттік тексеру кезінде мектеп басшылығының 26 миллион теңге ұрлағаны анықталған. Содан кейін директор қыр соңымнан қудалап, қалай да өш алуға тырысты дейді жұмыссыз ұстаз.

Сандугаш БИСЕНҒАЛИЕВА, БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНДЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ БҰРЫНҒЫ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қаңтарда қалай финполицияға бердік, содан бері сыйғызбай келе жатыр ғой. Анаған байланады, мынаған байланады, орныңнан алып тастаймын. Істемейсің бұл жұмысты! Менде тик-ток деген приватный аккаунт. Өзім оқушыларыммен түсемін. Ән айтамын, бишімін ғой. Шауып келіп бір күнде жұмыстаны шығарып тастауы менің 25 жылдық еңбегімді жоққа шығарғаны ғой.

Әділдік іздеген мұғалім Теректі аудандық білім бөлімі мен еңбек инспекциясына шағымданған. Өйткені кек алуға тырысқан мектеп директоры заңды белден басып, бір күнде бірнеше рет сөгіс жариялапты. Тіпті ауырып үйінде жатса да, жұмыстан шығарып жіберген. Осылайша директор тиктоктағы видеомды теріс мақсатта түрлі уатсап-топтарға таратып, күйе жағуға тырысты. Жеке видеомды көптің талқысына ұсынып, этика әдебінен аттап кетті, дейді күйінген ұстаз. Мұны аудандық білім бөлімі растап отыр.

Жанаргүл ҚҰСАЙЫНОВА, БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Мектеп директоры өз қызметкерін жұмыстан шығармастан бұрын, білім бөлімін ескертуі керек. Бірақ ол бұл туралы тіс жармады. Сондықтан директоры қызмет бабын асыра пайдаланды деп санаймын. Әрі адамның жеке видеосын таратуға болмайды. Туындаған дауды заң аясында шешуге тырысамыз.

Е. Карин