Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Түркі тілдес мемлекеттердің ғалымдары Түркістанда Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынды

AstanaTV
26.05.2021ж. 20:00
2116
Түркі тілдес мемлекеттердің ғалымдары Түркістанда Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынды

Түркістанда Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою ұсынылды. ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыджы осындай бастама көтерді. Оған Елбасының Түркі дүниесінің қайта жандануына өлшеусіз қосқан үлесі негіз дейді. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективалары» атты халықаралық онлайн-конференцияның басқа қатысушылары да бұл идеяны қолдады және қаланың даму жолының негізгі бағыттарына тоқталды.

Түркі тілдес мемлекеттердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Сондықтан  түркі ғалымдары Елбасыға ескерткіш қою бастамасын көтерді. Еңселі ескерткіштің түркі әлемінің рухани астанасы атанған киелі Түркістан шаһарында болуы заңды, дейді Біләл Чакыджы.  

Біләл ЧАКЫДЖЫ, ТҮРКСОЙ ҰЙЫМЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тарихы терең Түркістан дамудың жаңа сатысына көтерілді. Небәрі үш жылда Түркістанды түркі елдері ғана емес, әлем танитындай жағдайға жеттік. Көне қала өзінің тарихи ерекшелігін сақтай отырып, заманауи бағытта көркейіп келеді. Бұған таңданбасқа, тамсанбасқа болмайды. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығы – Түркістан қаласынан ескерткіш орнату бастамасын көтеремін. Елбасы ТҮРКСОЙ, Түркі кеңесі және Түркі академиясы сияқты ынтымақтастық ұйымдарын құрып, басқарып, маңызды жұмыстың алдыңғы шебінде жүр.


«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективалары» конференциясында басқа да қатысушылар бұл идеяны қолдады. Олардың қатарында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының Бас хатшысының орынбасары Али Йылдыз, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев та бар. Шетелдік ғалымдар Еуропа, араб елдерінің өзіндік одағы секілді түбі бір түркілердің де бірге болуы экономикаға да оң әсер береді дегенді алға тартады. Сондықтан бұл- ортақ мүддеде әрдайым   көрегендік танытып, салиқалы ойымен, сындарлы ұстанымымен ерекшеленетін Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз құрметтің бір белгісі дейді.   

Юлай ШАМИЛОҒЛЫ, WISCONSIN-MADISON ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Кеңес Одағының ішіндегі түркі халықтарының барлығы кезінде бөлініп-бөлініп кеткен. Ал 30 жылда  түркі тілдес елдердің интеграциясы жақсы дамыды. Бұл-Нұрсұлтан Назарбаев, Елбасының еңбегі. Оның ұсынысы бойынша кейбір түркі тілдес елдердің басшылары бас қосты.

Сан ғасырлық тарихы бар Түркістан мұсылман әлемінің зиярат ететін киелі жері ғана емес, маңызды тарихи шешімдер қабылданған қазақ хандарының ірі мемлекеттік резиденция­сы болған.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көне шаһар қайта жаңғыртылды. Жаңа келбетке еніп, түлеп-түрленген Түркістанның қазір туристік әлеуеті жоғары. Тек қазақстандықтар емес, өзге елдерден де қонақтар жиі келеді.

Ал осындағы халықаралық Hazret Sultan әуежайы жылына 3 миллион жолаушы тасымалына қабілетті. Бүгінде Түркістан-Стамбұл бағыты бойынша рейстер орындалады. Алда Ташкент, Бішкек рейстерін ашу көзделген.

Ғалымдар "Түркістан тек туристік қана емес, Қазақстанның ғылыми астанасы атануға да қауһарлы" дейді. Халықаралық Түркі академиясы Түркістанның терең тарихы мен бай өркениетін зерттеу жұмыс­тарын жүргізуде.

Женгиз ТОМАР, Қ.А.ЯССАУИ АТЫНДАҒЫ ХҚТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің де үлкен, жақсы жобаларымыз бар. Түркістанға байланысты, дамуы, жақсаруына байланысты. Түркияның да қосылуымен көп жобамыз бар. Түркістан қаласы тек туризм, рухани саласында ғана емес, ғылым саласында да үлкен бір орталық болады деп ойлаймыз.

Түркі тілдес елдердің Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастамасын қазақстандық кәсіпкерлер де қолдады. Болатбек Әлиев бірнеше жыл бұрын Елбасының   қолдауымен  кәсіп бастаған. Қазір өзі өндірген отандық ауылшаруашылығы өнімін ішкі  және сыртқы нарыққа ұсынып отыр. Ал Елбасының Түркістанды қайта жандандырғаны бизнесінің дамуына тағы серпін болып отыр. Сондықтан үлкен алғыс білдіреді.

Болатбек ӘЛИЕВ, КӘСІПКЕР:

Елбасы бұл құрметке лайық. Сондықтан ескерткіш қойылғаны жөн деп санаймын. Түркі әлемінің рухани астанасында Тұңғыш Президенттің еңселі тұғыры болғаны өте дұрыс. Мен   Нұрсұлтан Назарбаевпен мақтанамын.


Қазір киелі Түркістанда 200 мыңнан астам халық тұрады. Алдағы 5 жылда 300 мыңнан асады деген болжам бар. Тұрғындарды баспанамен қамту үшін 26 мың пәтер пайдалануға беріледі. Қаланың өсіп-өркендеуі облыс экономикасына да әсер етіп отыр.  Оң өзгеріс көп. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі жарым есеге ұлғайып, жалпы ішкі өнім 41%-ға артқан. Біртұтастыққа бет бұрған түркі халықтарының ортақ әрі жарқын болашақ құруы үшін қаланың мүмкіндігі мен әлеуеті жетеді.

Ә. Өмірзақ