$521.81 €543.67 ₽5.05
×

Елорданың Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері сараланды

AstanaTV
17.09.2021ж. 20:00
3309
Елорданың Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері сараланды

Бүгін Нұр-Сұлтанда зиялы қауым өкілдері бас қосып, Тәуелсіздік алғалы бері елорданың жеткен жетістіктерін саралады. Алқалы жиын Достық үйінде өтті. Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, іс-шараның құрметті қонағы болды. Сонымен қатар, жиынға басқа да зиялы қауым өкілдері келді.  Дөңгелек үстел басына жиналудың басты  мақсаты - аға буын мен болашақ елтұтқасын ұстар жастар сабақтастығын нығайту болды.

Ел астанасы- мемлекетіміздің даму жолының негізгі бейнесі. Жиында сөз алған Елтаңба авторы осыған тоқталды. Ол сөзінде бас қаланың бүгінгі таңда әлемдік деңгейде танылып, өзге елдермен иық тіресе алатын қабілеті артқанын ерекше атап өтті.

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, ҚР ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

Дүниежүзі бойынша тыныштық қала, бейбітшілік қала болып аталды. Мұның барлығын жасап отқан біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында деп айтар едім. Біздің қаламыз қазір, өздеріңіз білесіздер, 1 млн-нан асып отыр. Тағы қосылар 1-2 млн-нан. Сондықтан біздің қаламыз өседі, өркендейді.

Соңғы уақытта еріктілердің еңбегі, талайға үлгі болып жүр. Егеменді елдің бүгінгі ұрпағының  басты мүддесі-жақыныңа жанашыр болып, мейірім көрсету. Бұл кемелденген қоғамның көрсеткіші дейді жиналғандар. Қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов, астаналық жастарға барлық жағдай жасалғанына атап өтті.

Асхат ОРАЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Елорданың құрылысына үлесін қосқан қоғам қайраткерлерін, құрушыларды, зиялы қауым өкілдерін арнайы шақырып олардың да пікірлерін естіп, жастарға деген үлгі насихат жүргіземіз деген ойымыз бар.


Өркениетті елдің оң өзгерістеріне елорданың да әсері  айтарлықтай. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы тек Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде де технологиялық орталыққа айналды. Сонымен қатар елорда - жалпыұлттық жоба, деді "Хабар" агентігінің өкілі. 30 жылдық мерейтой қаланың экономикасын, саясатын, білімін және мәдениетін зерттеуге түрткі болу керек деп санайды.   

Ринат КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Мен ойлаймын осы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Нұр-Сұлтан қаласының ел үшін, аймақ үшін, Евразия кеңістігі үшін үлкен орталығы ретінде жеткен жетістігін айтып қана қоймай урбанистика деген ғылымның дамып отқанын ескеріп болашақта елорданың бүгінгі үлкен қалаларға астаналарға тән қандай трендтерді, тенденцияларды пайдаланып даму керек.

Бүгінгі күні астананы "ақылды қалаға" айналдыру  жобалары басталып кеткен. Соның бірі -  заманға сай жасақталған шығармашыл экономика орталығы. Қала басшылығы халық өмір сүру үшін  тиімді экожүйе қалыптастыру жұмыстарын қарқынды бастап кеткен.
 
Д. Жарқынбек