$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Жын кіріп кетті" деген сарбазға дін қызметкері не дейді?

AstanaTV
07.10.2021ж. 20:00
10613
"Жын кіріп кетті" деген сарбазға дін қызметкері не дейді?

"Жын кіріп кеткен немесе психикалық ауытқуы бар". 18 жастағы сарбаздың түсініксіз, қорқынышты әрекеті бүгін қазнетті шулатты. Бейнежазбадан қол-аяғын байлап қойған жігіттің айқайлап, ашуланғанын көруге болады. Желі қолданушылары "оның ішіне жын кіріп кеткен" деп топшылап отыр. Бұған қатысты дін өкілдері не дейді? Егер денсаулығында кінәрат болса, оны неге әскер қатарына қабылдаған. Сұрақтарға әріптесім Асылбек Данияр жауап іздеп көрді.

Айналасын үркітіп-шошытып жатқан сарбаздың мұндай әрекеті бірінші рет болмаған секілді. Әлеуметтік желіде тараған видеодан да мұны аңғару оңай. Белгілі болғандай сарбаздың есімі Саят. Әскер қатарына алынғанына 1 айдай уақыт болған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскерлерінің сабында. Бейнежазбада қасындағы жас сарбаздың Құран аяттарын оқығаннан кейін ерсі қылықтарын тыйып, талып қалатынын көруге болады. Жын шығару ісімен 5 жылдан бері айналысатын Данияр Ибрахимұлының айтуынша, жын кірген болуы мүмкін.

Данияр ИБРАХИМҰЛЫ, "ШЕЙХ КУНТА ҚАЖЫ" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Кейбір сиқырланған, жын кірген адам осындай жағдайда болады. Ол жынның әрекеті басында бақырып-шақырып, жанындағы адамдарды қорқытуға тырысады. Осы видеодан соны аңғарып отырмыз. Сондай шайтанның әсері бары көрініп тұр.


Діни қызметкердің, тағы бір нұсқасы бар. Сарбаз қорыққанынан осындай амалды қолданған болуы да мүмкін. Бірақ, кесіп айтуға болмайды деп қосты. Оның анық-қанығын білу үшін жеке жұмыс істеу керек.

Данияр ИБРАХИМҰЛЫ, "ШЕЙХ КУНТА ҚАЖЫ" МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Психикалық стресс алып, өзін жоғалтып қойып, не істерін білмей мысалы үшін өзінің мінезін көрсетіп "менде жын бар" деген секілді көрсетіп сондай жағдайға да баруы мүмкін.

Егер жын кірген болса, оны Құран сүрелерімен оқып шығару оңай дейді, мамандар. Психологтың пайымынша, жас сарбаздың психикалық ақауы болуы да ғажап емес. Әскерге шақырған кезде дәрігерлер оны медициналық тексеруден дұрыс өткізбеген деп топшылайды.   

Владислав СМИРНОВ, ПСИХОЛОГ:

Дәрігерлер әскер қатарына алынатын жігіттерді іріктеу кезінде толыққанды тексеруі шарт. Егер, сондай өзгеріс болса сол жерде анықталады ғой, психиатрдың бақылауы керек еді. Бұл жұмыстың шалалығын білдіреді. Қазір Қазақстанда кадр жетіспейді. Соның ішінде әскери адамдар. Сондықтан болар, денсаулығы жараса да, жарамаса да алып кетуге тырысады.

Видеоны көрген халық жағасын ұстады. Кейбірі, әскери бөлімдегі мамандарды кінәласа, ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді.

- Бұл әскердегі бірінші жағдай емес және соңғысы да емес. Егер военкомат баланың сапасын емес саны керек деп топырлатып алып кете беретін болса...

- Аллам сақтасын менің баламда әскерге кетті енді ғана ант қабылдады. Жаным шығып барады. Алла, аман болсыншы!

- Бұрыннан болғаны анық. Қазір ақсақты да соқырды да ала береді ақшасын берсең. Біздің елде жемқорлық жойылмайынша бола береді мұндай. Қазір әскерде ешкімді ұрмайды, кайф қазір армия.

- Ұрып сондай қылып қойған ғой. Солдатқа алғанда сап-сау алады, ұрып-соғып аз болса өлтіреді. Солдатқа баруға қашатыны осыдан.


Жағдайға бірден-бір жауапты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне таңнан бері хабарластық. Бірақ жауап ала алмадық. Жауап беруге уақыт таппады ма, әлде әдейі осындай әрекетке барды ма ол жағы бізге белгісіз.

А. Данияр