Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбелік үлескерлер үйдің құжатын ала алмай жүр

Ақтөбелік үлескерлер үйдің құжатын ала алмай жүр

Жүз шақты ақтөбелік үлескер бір жарым жылдан бері үйдің техникалық құжатын ала алмай жүр. Тұрғындардың айтуынша, үйді салған компанияның басшысы құжатты әне, міне беремін деп, күнде уәдеге тойдырған көрінеді. Құрылыс компаниясының қожайыны техникалық паспорттың не үшін әлі күнге шейін берілмей жатқанын  айтпай отыр дейді.  Ал әкімдіктегілер тұрғын үй бастапқы жобасынан ауытқып салынғанын анықтапты. Мән-жайды аймақтағы тілшіміз толығырақ баяндайды.

«Достар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары «бір үйді алдым, бәлеге қалдым» деп жүр. Құрылысы былтыр айқай-шумен аяқталған көпқабатты үйдің әлі күнге дейін техникалық паспорты дайын емес. Жұрттың айтуынша, бұған сегізінші қабаттың салынғаны себеп. Жоба бойынша, бұл үй жеті қабатты болуы тиіс еді, дейді тұрғындар.

Қанзада МҰҚАШЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

8-этажға уже адамдар көшіп келіп алды. Бірақ, сол сегізінші этажды өткізе алмай, бұл үйдің документі –  8-этаждағы 2 квартирадан, 16 квартираның кесірінен 90 квартира кіре алмай отыр. Ол әрі қарай өте ме, өтпей ме – белгісіз. Біздің талап ететініміз – техпаспортты, документті берсін!


96 пәтердің шамамен 40 процентіне  халық қоныстанып алған. Алайда, үйдің техникалық құжаты болмағандықтан, тұрғындар коммуналдық қызметті толыққанды пайдалана алмай отырмыз дейді. Пәтерлерде жылу мен ыстық су жоқ. Ал, қыс бойы жылытылған үйлердің коммуналдық ақысы қарыз болып қордаланып қалған.

Венера ҚАЙРАШОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Құрылысшы компания бізге техпаспортты бермесе де, коммуналдық қызметтің қарызын мойнымызға іліп отыр. Әр пәтерге 50 мың -120 мың теңгеден. Біздің техникалық құжатымыз болмаса, оны қалай төлейміз?

Берік ТӘЖІҒҰЛОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біз воздухта тұрмыз. Көп адам ремонт жасап қойды. Офиске барамыз бірдеңе білейік деп, олар бізге ештеңе айтпайды. Береміз, береміз деп келе жатқанынан бір жылдан асып кетті. Келесі айда береміз, екі айда береміз, үш айда береміз дейді.

Техникалық паспорттың пәтер иелеріне не себепті берілмей жатқанын құрылыс компаниясының басшысы да айтпайды.

Қазір құрылыс компаниясы облыстық әкімдікпен соттасып жатыр. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары тұрғын үй кешенінен бірқатар кемшілік тапқан. Яғни, техникалық қабаттың орнына сегізінші қабат салынған. Подъездердің жобада көрсетілген балкондары жоқ. Үйдің қабырғасы жұқа. Әкімдік құрылыс компаниясына кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама бергенімен, олар бұнымен келіспей, сотқа арызданған.  

Қуаныш АКИЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ -ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Нысанды пайдалануға енгізу үшін тапсырыс беруші жобаға өзгеріс енгізуі керек. Және мемлекеттік сараптамадан өтуі қажет. Осы талаптарды орындағаннан кейін бізден оң нәтижесін алатын болады. Оған дейін біз оң нәтиже бермейміз.

Құрылыс компаниясы кемшіліктерді жоймайынша, көпқабатты үйдің техникалық құжаты берілмейді дейді әкімдік өкілі. Ал  мемлекеттік сараптама 45 күнде дайын болады.   Демек, «Достар» тұрғын үй кешінінің тұрғындары пәтердің паспортын әзір алмайтын түрі бар.

Г. Сейтенова