Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Петропавлдың әуежайы тағы да сатылмай қалды

AstanaTV
13.05.2022ж. 20:00
1628
Петропавлдың әуежайы тағы да сатылмай қалды

Петропавл халыралық әуежайы тағы да сатылмай қалды. Жергілікті әкімдік наурыз айында әуе вокзалын бес жарым миллиард теңгеге бағалап, алғаш рет аукцион ұйымдастырған еді. Бірақ ешбір инвестор оны алуға ынта білдірмеді. Стратегиялық нысанның құнын екі есе арзандатып тағы да сатылымға шығарды. Алайда, бұл жолы да қалталы азаматтар тым-тырыс. Атқамінерлер инвестор табылмаса да, әуежай жұмысын тоқтатпайды, дейді. Кәсіпорын жұмысшылар мен коммуналдық компаниялардың алдындағы берешегінен түгел құтылған көрінеді. Дегенмен, табыс тауып, тиімді жұмыс істеу үшін тағы қомақты қаражат жұмсау керек, дейді шенеуніктер. Ал бюджеттен қосымша қаржы құюға әкімдік мүдделі емес. Айта кету керек, осы уақытқа дейін әуежайды жаңғыртуға әкімдік тарапынан 7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Мирхат ӘБІЛМӘЖІНОВ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір ұшақтар аптасына алты рет Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұшып жатыр. Осының арқасында кәсіпорын сәуір айында 10 миллион теңге табыс тапты. Бірақ бұл қаражаттың барлығы жұмысшылардың жалақысына кетті. Әуежайды қосымша жарақтандыруға 1.5 миллиард теңге қажет. Егер инвестор осыншама ақшаны құйса, онда табыс таба алады. Келесі аукционның қашан жарияланатыны әзірге белгісіз.

А. Құрманкин