Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстан темір жолы биыл 550 шақырым шойын жолды күрделі жөндеуден өткізеді

AstanaTV
13.05.2022ж. 20:00
2705
Қазақстан темір жолы биыл 550 шақырым шойын жолды күрделі жөндеуден өткізеді

Биыл  550 шақырым шойын жол күрделі жөндеуден өтеді. Қазір ескі жолдардың бірәзі алынып тасталып, оның орнына жаңа рельс-шпалдар төселіп жатыр. Теміржол магистралдерін жоспарлы түрде жыл сайын жөндеуден өткізіп тұратын компанияның басты көздегені - қауіпсіздікті сақтау. Сәйкесінше, бұл шаруа аяқталғасын жүрдек пойыздардың жүру жылдамдығы да артпақ. Шойын жол жолаушылары үшін тағы қандай жаңалық бар? Жол жөндеу жұмыстарын көзбен көріп қайтқан әріптесім, Айзада Төребекқызы айтсын.

Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Шағыр–Талдықұдық аралығындағы шойын жолда жұмыс қызу. 30 сағаттық үзілісті пайдаланған теміржолшылар ескі рельстерді жылдам ауыстырып жатыр. Ол үшін соңғы он жылдан бері қолданысқа енген әмбебап жол техникалары пайдаланылуда. Бұл адамның қол күшіне айтарлықтай жеңілдік беріп жүр,- дейді мамандар.
 
Пернебек ӨТКЕЛБАЕВ, "ҚТЖ" ҰК" АҚ ШУ МАШИНАЛАНДЫРЫЛҒАН ЖОЛ ДИСТАНЦИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

30 сағатқа қазір пландаған жоспарымыз - 1600 метр. Енді жекелей тоқталатын болсақ, қазір мына істеп жатқан ең басты машинамыз СМД машинасы шпал салатын сағатына 10 шпал салады, сол жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан кейін ол жұмысты істегесін артында кішігірім рови деген техникамыз бар, рельсті өз қалпына жаңа шпалдың үстіне кетіретіндей жұмыс жасайды.

Айта кетейік, Шағыр–Талдықұдық аралығындағы бұл жолмен Түркістан облысының Сарыағаш бағыты мен көршілес Өзбекстан еліне баратын пойыздар өтеді. Күрделі жөндеу жұмысы аяқталғасын бұған дейін сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүріп келген жүрдек пойыздар  жылдамдықты сағатына 120-140 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік болмақ. Теміржолшылардың есебінше, 20-22 сағат жолда жүретін жолаушылар енді діттеген жеріне 17-18 сағатта жетеді. Жалпы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жыл соңына дейін ірілі-ұсақты 1 054 шақырым теміржолды жаңартып, жамап-жасқамақ.    

Ербол СӘУЛЕБЕКОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ ДИРЕКЦИЯСЫ» ФИЛИАЛЫ ЖОЛ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда Қазақстан Теміржолы ҰК ның өзінің жоспары бойынша биыл 551 шақырым күрделі жөндеу бар. Соның 50 шақырымын біздер өзіміздің темір жол мекемесінің «ПЧМ –Шу» ірілендірген дистанциясына қызметкерлері мен және «ПЧМ Ақадыр» мекемесінің қызметкерлерімен осы жолда қазір күрделі жөндеу жасап жатырмыз.


Қазақстан темір жолы жыл соңына дейін Түркістан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау бөлімшелерінің магистральдық желілерін күрделі жөндеуден өткізуде де жоспарлап қойған.  

А. Төребекқызы