Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Алтын адам» операциясы фильмі көрерменге жол тартты

AstanaTV
01.12.2022ж. 20:00
3296
«Алтын адам» операциясы фильмі көрерменге жол тартты

Отандық кинематография тағы бір туындымен толықты. Режиссер Мереке Мұқанның «Алтын адам» операциясы» атты фильмі қалың көрерменге жол тартты. Алматыда өнерсүйер қауым комедия жанрындағы толықметражды фильмнің жабық көрсетілімін тамашалады.

Оқиға желісі бойынша майор Оразбаев еліміздегі ең танымал экспонат - «Алтын адамды» ұрлады деген күдікпен Нышан есімді азаматты құрықтайды. Алайда тергеу барысында Нышанның бұл қылмыстан еш хабары жоқ екендігі белгілі болады. Ал бірегей жәдігерді табу үшін небәрі 1 тәулік қана бар. Шытырман оқиғаға толы туынды 25 күн ішінде таспаланған. Басты рөлдердің бірін сомдаған танымал актер Әбунасыр Серіков түсірілім алаңында болған оқиғалармен бөлісті.

Әбунасыр СЕРІКОВ, АКТЕР:

Біз ыстық кезде түсірдік. Кішкентай отравление жағдайы да болған. Сонда да система салдырып жүріп күннің астында, сол киноны Алла Тағала қолдап, аман-есен бітірдік. Келіңіздер, құдай қаласа, көріңіздер, өздеріңіз бағаларыңызды беріңіздер. Сыншы халық қой.

Фильмнің түсірілімі 22 түрлі жерде жүргізілді. Ал «Алтын адам» костюмі үшін суретшілер түпнұсқаның дәл көшірмесін жасаған. Өнер майталманы, актер Рүстем Жаныаманов қатал полицейдің рөліне үйренісу оңай болмағанын айтады. «Алтын адам» операциясының тәрбиелік мәні де жоқ емес. «Күлдіріп отырып ойландыратын фильм», - дейді актер.

Рүстем ЖАНЫАМАНОВ, АКТЕР:

Еліміздің қазбаларымызды ата-бабаларымыздан қалған, соның бәрін осы жастарға дәріптемесек кино арқылы, онда не істеп жүрміз деген ой келеді. Сондықтан біз тарихымызды білуіміз керек. Сонау сақ дәуірінен қалған «Алтын адамды» өсіп келе жатқан жас бала болсын, жасөспірім болсын білу керек. Біздің алға қойған мақсатымыз осы болды деп ойлаймын.

«Алтын Адам» операциясы – миллиондаған қазақстандықтың жүрегін жаулаған «Акимат қайда қарап отыр?» веб-сериалындағы басты кейіпкер Нышанның бастан кешкен кезекті оқиғасы болып табылады. Бұл – шығармашылық топтың алғашқы киножобасы.

Мереке МҰҚАН, РЕЖИССЕР:

Көрерменнің көңілінен шығатын болып жатса, жақсы касса жинап жатса, әлбетте, ойымыз бар тағы түсіруге. Және Рүстем Жаныаманов мырзамен, Әбунасыр Серіков мырзамен міндетті түрде жалғасы болады 2023 жылы.

«Алтын адам» операциясы фильмін бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.

М. Жақан