Бүгін, 12 қыркүйек - қазақ киносының күні. Бұл мереке 2005 жылдан бері тойланып келеді, деп жазады Astana TV.
1941 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен Алматы киностудиясы құрылған еді. 1960 жылы киностудия атауы «Қазақфильм» болып өзгертілсе, 1984 жылы оған қазақ кинематографиясының кемеңгер қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілген. Қазақ киносы күнін атап өтуді 2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков ұсынды. Содан бері 12 қыркүйекте «Қазақ киносының күні» жыл сайын аталып өтіледі.
Кино – қоғам өмірінің айнасы
Ұлттың ұстыны мен ұлылығын кезінде әдебиет арқылы танып, таразыласақ, бүгінде ол қызмет ұлттық кинематография тіліне көшіп үлгерді. Өйткені жаһандану дәуірі жаппай визуализация жағында. Не нәрсені де көзбен көріп барып, көңілге тоқу – заманның өз талабы. Демек, бүгінгі қазақ киносының аяқ алысы мен деңгей-дәргейі – ұлттық рух пен жалпы қазақы бет-бейнеміздің басты һәм негізгі көрсеткіші.
Мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм прокатқа жол тартты
Ұлттық кино өндірісіне көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау, жаңа киножобалардың көбеюі, авторлық фильмдердің халықаралық деңгейде танылуы мен анимация саласының дамуы – кино индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл бағыттағы жұмыс өз нәтижесін көрсетті. Мемлекеттік қолдаумен түсірілген алты фильм кең прокатқа жол тартты. Олардың қатарында «Гипноз», «Жұмақтан жеткен жолдама», «Күзгі самал», «Құт», «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» деректі фильмі бар.
Бұған дейін, Француз тарихшысы Мари Фавероның "Алтын Орда" кітабы қазақ тілінде жарық көргенін жазғанбыз.