Ғалымдар Солтүстік Қазақстанның Алтын Орда дәуіріндегі тарихи маңызын талқылады

Ғылым минисрлігі

Kozybayev University-де «Солтүстік Қазақстан Алтын Орданың далалық коммуникациялар жүйесінде» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті

Іс-шараға Қазақстан, Ресей, АҚШ және Түркиядан ғалымдар, археологтар, тарихшылар, деректанушылар және жас зерттеушілер қатысты, – деп  Astana TV .

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысының мұрасын терең ғылыми тұрғыдан зерделеудің қажеттілігін бірнеше рет атап өтіп, Алтын Орданың дала өркениеті тарихындағы айрықша орнына назар аударған болатын.

Осы бағыт аясында Kozybayev University-де ғасырлар бойы Ұлы даланың саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар жүйесінде болған Солтүстік Қазақстан аумағын зерттеуге ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстелді аша отырып, Kozybayev University Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исакаев:

«Орта ғасырларда біздің аумағымыз арқылы Еуразияның түрлі бөліктерін байланыстыратын жолдар өткен, мәдениеттер өзара ықпалдасып, әртүрлі мүдделер тоғысқан. Сондықтан тарихи коммуникацияларды зерттеу Солтүстік Қазақстанды шеткері аумақ ретінде емес, Еуразияның кейінгі тарихына ықпал еткен үдерістер қалыптасқан үлкен кеңістіктің бір бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Өңірдің өткен тарихын осылайша түсінуге негіз болатын айғақтардың бірі – 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының Қаратал ауылы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған Қызылоба кесенесі. Бұл – Алтын Орда дәуіріне жататын бірегей археологиялық ескерткіш. Оны Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Kozybayev University мамандарының қатысуымен зерттеді.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Ақ-Ирий көне қалашығында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары туралы Kozybayev University профессоры Анатолий Плешаков баяндады. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясына жетекшілік етіп, осы бірегей нысанды зерттеп келеді.

«Биыл қалашықтан табылған жәдігерлерге – сүйектер мен ағаш көміріне радиокөміртектік талдау жүргізудің нәтижесін алдық. Сараптама Литваның Вильнюс қаласындағы мерзімін анықтау зертханасында жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде бұл нысандардың Алтын Орда кезеңіне жататыны анықталды», – деді Анатолий Плешаков.

Қалашықтағы басты археологиялық олжалардың қатарында металл балқытуға арналған пештердің конструкциялары бар. Бұл сол кезеңде металлургиялық өндіріс технологиясын жоғары деңгейде меңгергенін көрсетеді. Сонымен қатар мұнда етті сақтауға арналған ыстайтын орындар да анықталған.

Дөңгелек үстелде бұдан бөлек логистикалық бағыттардың тарихи сабақтастығы, Алтын Орда дәуіріндегі жазба деректерге дискурстық талдау жүргізу, ордалық кезеңдегі Солтүстік Қазақстанның тарихнамалық тұрғыдан зерделенуі, Қызылжар өңірінің тарихы, археологиялық барлау-зерттеу жұмыстары, Алтын Ордадағы билік пен әулеттік саясат жүйесіндегі әйелдердің рөлі және басқа да тақырыптар қарастырылды.

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов 1225-1359 жылдар аралығындағы Алтын Орданың әкімшілік-аумақтық бөлінісі мәселелерін сөз етті. Ал University of Arizona профессоры, экологиялық археология және дендроклиматология саласындағы танымал ғалым Ирина Панюшкина әскери елшінің Бетпақдала шөлін кесіп өтуіне қатысты археологиялық айғақтарды зерттеу нәтижелері туралы баяндады.

Іс-шара барысында ұсынылған баяндамалар әртүрлі ғылыми бағыттар тұрғысынан қарастырылды: археология, тарихи география, архив ісі мен тарихнама, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары салаларының өкілдері өз зерттеулерін таныстырды.

Ғылыми тәсілдердің мұндай алуандығы мазмұнды кәсіби пікір алмасуға негіз қалыптастырып, Жошы ұлысын және Солтүстік Қазақстанның далалық коммуникациялар жүйесіндегі рөлін зерттеуге бағытталған тұрақты пәнаралық ғылыми бағытты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін, Француз тарихшысы Мари Фавероның "Алтын Орда" кітабы қазақ тілінде жарық көргені туралы жазған едік.