Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы мәресіне жетті

Фото: ҚР ЖИЦДМ

Форум аясында 61 келісімге қол қойылып, Гиннесстің рекордтар кітабына енген хакатон сертификаты табысталды

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында 1–3 қазан аралығында өткен AI & Digital Bridge 2026 цифрлық форумы өз жұмысын аяқтады. Ауқымды шараға 18 мыңнан астам бірегей келуші қатысып, жалпы кіру көрсеткіші 47 мыңнан асты деп хабарлайды AstanaTV. 

«Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» басты тақырыбымен өткен форумға 429 спикер қатысып, 106 панельдік сессия ұйымдастырылды. Шараның басты оқиғасы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Президент өз сөзінде жасанды интеллекттің экономика мен мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті.

Форум барысында Qazaq AI Research University (QAIRU) жаңа зерттеу университетінің ашылу рәсімі өтіп, Мемлекет басшысына цифрлық жобалар таныстырылды. Сондай-ақ шара аясында заманауи технологиялар мен жасанды интеллект бағытында білім беретін жаңа оқу орнының әлеуеті көрсетілді.

Қазақстан өкілдеріне HackAlem AI хакатонына қатысушылар саны бойынша әлемдік рекордты растайтын GUINNESS WORLD RECORDS сертификаты табысталды. Бұл дода 2025 жылы Үндістанда орнатылған бұрынғы рекордтық көрсеткіштен асып түсті.

Шараның соңғы күні Үкімет басшысы Олжас Бектенов көрмені аралап, цифрлық шешімдермен танысты және AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарын марапаттады. Сонымен қатар Премьер-министр Орталық Азиядағы ең ірі, қуаты 1 ГВт-қа жететін «Деректер орталықтарының алқабы» жобасының маңыздылығын атап өтті.

Іскерлік бағдарлама аясында халықаралық және отандық компаниялар арасында 61 меморандум мен келісім жасалды. Көрме алаңында 96 стартап, 49 IT-компания және 5 шет мемлекеттің ұлттық павильондары өз өнімдерін ұсынды.

Апталық аясында өткен Astana Hub Battle стартаптар сайысының жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрады. Байқауға 14 елден 292 өтінім түсіп, үздік шыққан 4 жобаның әрқайсысы 25 мың доллардан қаржылай сыйақыға ие болды.