Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Мал терісінен протеин өндіретін зауыт ашылды

AstanaTV
13.12.2023ж. 17:16
756
Мал терісінен протеин өндіретін зауыт ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында ірі қара мал мен жылқы терісін кәдеге жаратып, олардан жемазыққа қосатын жоғары протеинді қоспа шығаратын зауыт ашылды. Ерекше жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті университет 350 млн теңге мөлшерінде грант алды.

Жобаға арналған қаржыны «Ғылым қоры» АҚ Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 3 жылға берді. Жоғары оқу орны оны «СК Протеин» ЖШС бірге жүзеге асырмақ. Шаруашылық бұл істі жолға қою үшін қосымша 105 млн теңге өз қаржысын құйып отыр.

Жоба авторы, университеттің агротехнологиялық факультетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жүнісовтің айтуынша, әлем бойынша ақуыздың жетіспеушілгі 20 %. Жылына мыңдап ірі қара мал мен жылқы сойылғанымен, соның тек 5 % ғана іске жаратылады. Ешкімге керегі болмай, шіріп жатқан сиыр мен жылқы терілерін терең өңдеу арқылы жоғары сұранысқа ие өнім алуға болады.

«Ең бірінші, Алматы технологиялық университетінің ғылыми зерттеу зертханасында біз алынған дайын өнімді тексердік. Құрамында қанша мөлшерде ақуыз бар, қанша амин қышқылдары бар деген сияқты, жалпы қоректілігін анықтадық. Осыдан кейін біз құс, етті қара малды бордақылау алаңдарында сынақтан өткіздік. Құстарға 3,5,7 % бердік, қара малға да азыққа қосып бердік. Сонда жалпы алынған нәтижеміз, әсіресе құс өз салмағын 25 % өсірді. Мысалы айталық, құс тәулігіне 80 грамм қосымша салмақ қосып отырған. Бұл құс фабрикасы үшін үлкен табыс», - дейді Ақан Жүнісов.

Ғалымның айтуынша, бір сиырдың 10 келі терісінен 1 келі құндылығы жоғары жем қоспасын алуға болады. Ал құсқа азығына қосып беруге оның 3-5 грамы жеткілікті болса, малға 15-20 грамм ғана протеин беріледі. Қазіргі уақытта жаңадан ашылған зауыт сағатына 500 кг осындай ұнтақ өндіре алады.

Мамандардың пікірінше, бұл жобаны толық іске қосу үшін кемінде 4 жыл уақыт керек. Нәтижесінде құнарлы қоспа өндірісін жылына 7 мың тоннаға дейін жеткізбек.