$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кейбір спорт түрлері мемлекеттік қолдаудан айырылады

AstanaTV
14.12.2023ж. 04:00
2017
Кейбір спорт түрлері мемлекеттік қолдаудан айырылады

Қазақстан кейбір спорт түрлеріне бөлінетін қаржы көлемін қайта қарауды жоспарлап отыр. Басым салалар мемлекеттік қолдауға ие болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

Ол мемлекет тарапынан спорттың 180 түріне қолдау көрсетілетінін, оның 46-сы олимпиадалық екенін атап өтті. Дегенмен, ел қоржынына тек жеті сала ғана медаль әкеледі. Сондықтан қазір заңнамаға бюджеттен қаржылай көмек күтетіндердің тізімін қысқарту бойынша түзетулер енгізілуде. Бірақ бұл әлеуметтік шиеленіс тудырмас үшін бірден жасалмайды.

«Заңнамаға енгізілген өзгертулерде біз кімдерді қаржыландыруды қысқартатынымызды нақты сипаттайтын боламыз. 180 спорт түрі тым көп, дамыған елдерде де бұл көрсеткіш аз»,- деп түсіндірді Маржықпаев.

Ол мемлекеттік қаржыландырудың қысқаруы федерацияларды немесе оқу орындарын жабуды білдірмейтінін баса айтты. Біз тек бюджеттен берілетін субсидияларды айтып отырмыз.

Процесс, министрдің айтуынша, жаттықтырушылар жұмыссыз қалмауы, спортшылар жаттығу залдарынан айырылып қалмауы үшін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.