$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Бесінші индустриялық революцияның жаңалығы – адам мен робот синергиясы", - ғалым

AstanaTV
14.12.2023ж. 20:00
716
"Бесінші индустриялық революцияның жаңалығы – адам мен робот синергиясы", - ғалым

Жасанды интеллект, интернет, блокчейн, криптовалюта - төртінші индустриялық революцияның игіліктері. Адамзат өмірінің сан саласына еніп, талай тапсырманы жеңілдетті. Дегенмен автоматтандыру адамзаттың маңыздылығын әлсіретіп, наразылық та туғызды. Ғалымдар алдағы 5-10 жылда келесі даму кезеңіне өтеміз деп отыр. Бесінші өндірістік революцияның басты қуаты не болады? Отандық футурологтардың дайындығы қалай? Тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

Назарбаев университетінің докторанты Әйгерім Нұрбаева робот пен адамның физикалық қарым-қатынасын зерттеп жүр. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіпте өзара бірге жұмыс істеу алгоритмін жазады. Автомат әріптестің адам үшін қауіпсіз болуын қадағалайды. Ғалымның айтуынша, бұл зерттеу - бесінші индустриялық революцияның басты жаңалығы болмақ.

Әйгерім НҰРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ «РОБОТОТЕХНИКА ЖӘНЕ МЕХАТРОНИКА» КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОКТОРАНТЫ:

Яғни, адамның роботқа қауіпсіз болуын қамтамасыз ету үшін нешетүрлі методтарды қолданып жұмыс жасау керек. Біз мысалы SS мониторинг деген жұмысты пайдаланамыз. Роботтың қасына адам жақындап кетсе, робот тоқтауы керек. Бір метр қашықтықта жүрсе, робот өз жұмысын жай жасауы керек. Ал адам роботтан өте алысқа кетсе, онда робот барлық күшімен өзінің жұмысын тез аяқтауға міндетті болу керек.

Автоматизация дамыған бірқатар ел әуресі көп жұмыстармен айналысудан әлдеқашан бас тартқан. Есесіне, медицинада «Да Винчи» атты робот-хирургтар операция жасап жүр. Ал мысық пен күшік кейпіндегі робот жануарлар альцгеймермен ауыратын зейнеткерлердің көмекшісі ретінде тесттен өтіп жатыр. Робототехниканы тезге қоймасақ, Қазақстан арзан жұмыс күшіне айналады, - деп отыр Әйгерім. Өйткені өндірісті тездетіп, экономикаға қарқын беретін ендігі күш - робот пен адамның синергиясына түседі.

Әйгерім НҰРБАЕВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ «РОБОТОТЕХНИКА ЖӘНЕ МЕХАТРОНИКА» КАФЕДРАСЫНЫҢ ДОКТОРАНТЫ:

Ғылым дамыған мемлекеттерде өмір сүру жағдайы жоғары. Ол елдердің өздері өмір сүру сапасы төмен Бангладеш, Индонезия сияқты елдерге өздерінің зауыттарын апарып, сол жердегі халықтың арзан жұмыс күшін пайдаланып отыр. Енді біздің ел де сондай елдердің қатарына кіріп кетпеу үшін, біздің ел де жай ғана арзан жұмыс күші емес, біз де интеллектуалды жұмыс күшін көрсете алатынымызды дәлелдеу үшін ғылымды дамыта беруіміз жөн деп ойлаймын.

Қазақ робототехниктерінің ғылыми кеңістікте әлем ғалымдарымен терезесі тең, - дейді зерттеуші. Тек өндіріс ошақтарының коботтар арқылы өнімділікті арттыруға құлшынысы әзірге төмен. Екінші жағынан робот өндіретін отандық кәсіпорынның жоқтығы жаңа революцияның ауылын алыстатып отырған көрінеді. Әйтпесе, STEM саласында қазақ жастарының қызығушылығы мен қабілеті жоғары. Әсіресе, роботттың тілін тауып, бағдарламалап жүрген қазақ аруларының үлесі басым.