Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Шыршаны заңсыз кесу: ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

AstanaTV
15.12.2023ж. 14:33
526
Шыршаны заңсыз кесу: ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды шыршаны заңсыз кесу дерегі анықталған жағдайда тиісті құзырлы органдарға хабарлауға шақырады, сонымен қатар табиғатты қорғау жайлы заңды бұзғаны үшін айыппұл салынатынын еске салды, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомство ақпараты бойынша, бүгін, 15 желтоқсаннан бастап ІІМ экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған "Шырша" акциясын бастады. Аталған акция барысында табиғатты қорғау бойынша полиция қызметкерлері орман алқаптарында рейдтер жүргізеді.

Бұл акцияға орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілдері де қатысады. Сондай-ақ полицейлер ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік барын ескертті.

"Осы салада табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 50 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер құқыққа қайшы әрекеттер салдарынан елеулі залал келтірілсе, онда бұл жағдайда 160 АЕК-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - делінген хабарламада.

Полицейлер азаматтарға үндеу жасап, шыршаларды, я болмаса т.б. қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз сатудың немесе тасымалдаудың куәсі болған жағдайда тәртіп сақшыларына "102" нөмірі арқылы қоңырау шалуды сұрайды.