Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Тәуелсіздіктің толағай табыстары

15.12.2023ж. 20:00
528
Тәуелсіздіктің толағай табыстары

Астықты аймақ Тобыл бойы – көлік индустриясының драйверіне айналды. Елімізде өндірілген автокөліктің 61 пайызы Қостанай облысына тиесілі. Жыл басынан бері 75 мың көлік құрастырылған. Облыстың өзге де салалары өрге басты. Он айдың ішінде өңірлік өнім 4,5 пайызға өсті. Өркендеген өлкенің толағай табыстары туралы тілшілер баяндайды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Биыл облыстың макроэкономикалық көрсеткіштері оң нәтиже көрсетті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 16,1%, құрылыс – 21,5%, инвестициялар – 7,4%, сауда – 3,9%, көлік – 3,6%, тұрғын үйді пайдалануға енгізу 4,3%-ке өсті. Тек ауыл шаруашылығының табысы отыз пайызға төмендеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Әрқашанда даму бар.Біз оны айтуымыз керек.Ылғи жаман нәрсені айта беру дұрыс емес.Дамуды да айту керек.
- Біздің Тобыл өңірі ұзақ жылдан бері агроөнеркәсіп астықты өлке саналады.Бірақ кейінгі кезде көлік құрастыру жағынан Қазақстан ғана емес, Орта Азияда көш бастап келе жатырмыз.

Облыс жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Қостанай жастары» бағдарламасы сәтті жүзеге асты. 140 жас отбасы баспаналы болды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкері Арғынбек Бейбітхан үкіметтің қолдауымен үйлі болып, ауыл-ауданға орнласапы жатқан жастар көп дейді.

Арғынбек БЕЙБІТХАНҰЛЫ, АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қандай да бір жас маман бір жерге барса әлбетте оған баспана керек.Сол тұрғысынан үкімет бұл мәселені жақсы шешкен. Жас маманға үкіметтен бір реттік пайызсыз қаржылай көмек беріледі.Кадр бар жерде өнер бар, өнер бар жерде күй асқақтай, ән шырқалады дегендей.

Медицина саласы да көш ілгері. Биыл бұл салаға 109 миллиард теңге бөлінген. 2024 жылы 19 медициналық ұйымның құрылысы басталады. Өңірге медицина кадрларын тарту бойынша игі жұмыстар жүргізіліп, 160 дәрігер келген. Соның тең жартысына көтерме жәрдемақы берілді.

Айбек РАХЫМБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНА БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қостанай өңіріндегі медицинаның даму қарқыны қазіргі таңда жақсы деп есептеймін. Оның бір дәлелі. Осы екі-үш ай бұрын бізге артраскопиялық қондырғы орналастырды.

Биыл астықты аймақ Қостанай үшін ең қолайсыз жыл болды. Толассыз жаңбыр бітік шыққан өнімді жинауға мүмкіндік бермеді.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Соған қарамастан мемлекеттік қолдаудың арқасында,келесі жылғы егіс жұмыстарына қажетті қор жиналды. Мал азығы да толық дайындалды. Тізбектей берсек Тобыл өңірінің толағай табысы көп. Ал шырайлы Шымкенттің жетістігі қандай?

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тәуелсіздік алған 32 жылда білім саласында да жеткен жетістігіміз жетерлік. Елдегі үшінгі мегаполисте үш ауысымды, апатты мектептер саны әлдеқайда азайған. Миллионды шаһарда тап қазір 939 білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. 400 мыңнан астам оқушы білім алуда. Соңғы бір жылдың өзінде мектеп, балабақша мен колледж сынды 51 мекемемен толыққан.

Жиырма жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Жанар Маратқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әу баста-ақ бор мен тақтаның, қолдан қиып дайындаған көрнекілік құралдардың көмегімен оқушы оқытқаны әлі есінде. Тәуелсіздік тақырыбын бүгінгі сабаққа арқау еткен ұстаз Пушкин атындағы №1 метеп-гимназиясының қызметкері. Ол 32 жылда білім саласындағы өзгерістің тым көптігін айтады. Бүгінге дейін 3,5 мыңдай балаға білім беріп үлгерген ұстаздың айтуынша, шәкірттерінің алды 32 жаста, тәуелсіздіктің түйдей құрдастары.

Жанар МАРАТҚЫЗЫ, А.С.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ:

Мұхтар Әуезов атамыз айтқан ғой «Адам мен адамды теңестіретін, ел мен елді теңестіретін ең бірінші білім» деп. Сондықтан еліміздің дамығанын бірінші білімнен, білім саласынан көрсек болады. Білім саласына қазіргі оқушыларға барлық мүмкіндік жасалған. Мұғалімдердің жыл сайынғы жалақысы көтеріліп жатыр. +Қазіргі мұғалім отыз жыл бұрынғы мұғалімге қарағанда өзіне нық сенімді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы дамыған елдермен иық тіресетіндей дәрежеге жетіп келеді. Мұның өзі зор мақтаныш дейді Шымкент тұрғындары.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жалпы Тәуелсіздік ол – ащы термен келген тәтті жеңіс! Ата-бабамыздың бізге жеткізген аманаты. Біздің мәңгілік құндылығымыз. Сол себепті бұл тәуелсіздік біз үшін, әрбіріміз үшін ең басты мереке. Сондықтан бүгін біз қандай да жетістікке жетсек, қандай да бір жеңіске жетсек осы Тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырмыз. сондықтан бұл басты мереке. Көңіл-күйіміз тамаша.
- Демократиялық құқықтық мемлекетті біз құрдық. Экономикалық жағынан да әрине енді көптеген қиыншылықтар өтті. Білім және ғылым саласындағы болып жатқан реформалар да әрине осындай қарқынды жүріп жатқанын көріп тұрмыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Әрине, ертеңгі Тәуелсіздік күні жер-жерде мейлінше тойланатыны белгілі. Көп өңірде мемлекеттік мереке бүгіннен басталып кетті. Батысқазақстандықтар қалай атап өтіп жатыр?

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Оралда мерекеге орай түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мықтылардың мықтысы марапатталып, түрлі көңілді кештер өткізілуде. Бұл жолы мемлекеттік мекемелерден бөлек, ұлық күнге тұрғындар да өз үлесін қосты.

Бұлар - Оралдағы жоғары оқу орнының студенттері. Ән мен биге жақын жастар көшеде кездескен тұрғындарға түрлі тәттіні тарту етті. Олардың ілтипатын қалалықтар түсінбей қалғанымен, үлкендер жағы риза болды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Тәуелсізбін, тәуелсізбін мен бүгін. Келді кіріп азаттығым, теңдігім! Бостандықта бойлығым мен ендігім. Шешіледі шемен болған шерлі үнім, дей отырып, елімізге амандық, денімізге саулық тілейміз.
- Біз бүгін тәуелсіздікке орай, күннің суығына қарамастан, осылай тұрғындардың көңіл-күйін көтеру мақсатында тәуелсіздікпен құттықтап жатырмыз. Сіздерге де тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Парағы мыңжылдықтардан тұратын кәрі тарих үшін 32 жыл дегеніңіз қас-қағым сәт. Бірақ еліміз үшін бұл кезең дәуір мен буын алмасқан өзгерістерге толы. Ертегінің батырларындай сәт санап, сағат санап өскен ғылым мен технологияның қарқынынан қалмауымыз керек. Бұл - жастарға жүктелер міндет дейді аға буын.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Тәуелсіз мерекесі қай елдің, қай ұлттың болмасын, ең қымбат, ең жоғары, ең мәнді мерекесі болуы керек. Өйткені ұлттың дербестігі, ұлттың болашағы, дамуы сол өзінің тәуелсіздігімен байланысты. Ал біз педагог ретінде сол тәуелсіздікті қамтамасыз ететін, сол тәуелсіздікке бірден бір негіз болатын, бұл - бірден бір жас ұрпақтың тәрбиесі. Сондықтан бұл тәуелсіздіктің біз үшін мәні өте жоғары.
- Өз алдымызға егемен мемлекетпіз. 30 жылдан асса да, жақсылығы да бар, әрине көптеген кемшіліктері де болды осы 30 жылдың ішінде. Бірақ та әйтеуі реліміз тәуелсіз, жеріміз тәуелсіз. Ең бастысы адамдардың ақыл-ойы тәуелсіз.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

- Тарихшылар тәуелсіз елдің қадамын он жылға бөліп қарастырады. Осы кезеңде мемлекеттік рәміздер белгіленді, төл теңгеміз айналымға шығарылды, Қарулы күштер құрылды. Артта қалған бірнеше белес түрлі жетістікке толы. Ендігі меже - саяси-экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыру.