$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астанада 30 мың науқас қабылдайтын жаңа емхана ашылды

15.12.2023ж. 20:00
1019
Астанада 30 мың науқас қабылдайтын жаңа емхана ашылды

Астана – мигранты көп миллионер қала. Өзге өңірден бас қалаға «бас» боламыз деп келетіндердің саны жыл санап өсіп жатыр. Жуырда қала халқы 2 миллионға жетуі мүмкін. Мұны Президент айтты. Сол үшін жауаптыларға тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін реттеуді тапсырды. Ал халыққа тірлік ұсынатын мекеме-кәсіпорындар екенін ескерсек, бұл саланы дамыту маңызды. Сол үшін бүгін Мемлекет басшысы шаһардағы бірқатар нысанды аралап, жай-күйімен танысты.

Президент алдымен №1 Индустриялық паркке барды. Мұнда инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асады. Осыған дейін өндіріс алаңында 6,7 триллион теңге болатын өнім шығарылған.

Евгений ГЛОТОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алғашқы жартыжылдықтағы аймақтық жалпы өнімінің көлемі -4,7 триллион теңге. Яғни, өсім – 4,1 процент. Оның 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі.

Парктің өндіріс ауқымы республика бойынша бірінші орында. Әсіресе ондағы «Тау-Кен Алтын» зауыты – «Самұрық-Қазына» қорының басқаруындағы табысты кәсіпорынның бірі. Зауыт іске қосылғалы бері 200 тоннадан астам таза алтын өндірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек.

«Бірыңғай шоғырландыру орталығы» зауыты - 2018 жылы ашылған. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион сырға шығарады. Мемлекет басшысы бет бұрған келесі нысан - «Metal Former». Компания шетелден импортталатын шатыр жабындысы мен фиброцемент панелін 40 пайызға дейін алмастыруға мүмкіндік береді.

Мәулен АЙМАНБЕТОВ, «SAMRUK-KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Ең басты өнімдердің бірі – аллюминий профилі. Жылына 7 мың тонна өнім өндіреміз. Яғни, алғашқы жылдары импортты алмастырудың 15 процентін алып келгенбіз.

Мемлекет басшысы бұдан кейін медицина және кеңсе жиһаздарын өндіретін нысанға барды. Бұдан бөлек, компания өз қаржысына мектеп салған. Оқу ошағы ғылымға басымдық береді. Бұл жерді бітірген түлектер инженер мамандығын алып шығады. Ал MODEX Astana – BI Group холдингінің еншілес кәсіпорны. Компания 2020 жылы ашылды. 360 адам еңбек етеді. Жобаның құны – 16 миллиард теңге. Кәсіпорын индустриялық-модульдік құрылыстың инновациялық технологияларын қолданады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізге өте қажет осындай өндіріс. Жоғарғы технология пайдаланылып жатыр бұл жерде. Сондықтан баршаңызға табыс тілеймін!

Осыдан кейін Мемлекет басшысы №96 мектеп-гимназияны барды. Бұл мекеме жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады. Алдағы жылдары бас қалада тағы 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға берілмек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Роботты техника – перспективті сала. Мен сіздерді қолдаймын. Қазір әлем жасанды интеллектіге баса мән беріп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл – өте маңызды бағыт. Жасанды интеллект келешекте әрбір салада пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан осы істе озық ел болуы керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы жаңа емханның жұмысымен танысты. Нысанға 30 мыңға дейін науқас тіркеле алады. Тағы осындай үш нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Тұрғындар мұнда кешенді диагностикадан өтіп, сүт безі ауруларынан емделеді. Халық санының өсуіне байланысты медициналық мекемелерге деген қажеттілік жоғары. Енді бес жылдың ішінде әкімдік 3 мемлекеттік және 12 жеке емхана ашуды жоспарлап отыр. Елорда нысандарын аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Tennis Center Astana үстел теннисі орталығының жұмысымен де танысты. Мұнда 416 адамға арналған көрермен трибунасы, жаттығу залы және медицина кабинеті, бапкер мен төреші бөлмесі бар.