Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

“Қызуы көтерілді, ауызы қанады, бөртпе шықты”: Екі баласы бірдей қызылша болған келіншек аурудың қалай өрбитінін айтты

AstanaTV
16.12.2023ж. 04:00
1191
“Қызуы көтерілді, ауызы қанады, бөртпе шықты”: Екі баласы бірдей қызылша болған келіншек аурудың қалай өрбитінін айтты

Қазақстан әлем бойынша қызылша жұқтырған науқастар саны бойынша Йемен пен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр. Жантүршігерлік статистика бұл дерттің дүниежүзінде өршіп тұрғанын көрсетеді. Оған не себеп? Аурудың белігілері мен қаупі туралы педиатр-инфекционист дәрігер Абылай Қалдарбекұлы айтып берді. Сондай-ақ екі Stan.kz тілшісі екі бірдей баласы қызылша жұқтырған шымкенттік келіншекпен сұхбаттасты.

Шымкенттік Айдана Спабекова екі баласына да қызылша шығып, аурудың әуреге салғанын айтады. Кейіпкеріміз бастапқыда қызылшаны тұмаумен шатастырып, дұрыс ем жүргізбеген.

“Қызылшаны ұлым балабақшадан жұқтырып келді. Алғашқы төрт күн ыстығы көтеріліп, ауырып жатты. Мен оны тұмау екен деп ойлап, үйден емдедім. Қызылшаның ерекшелігі температура түнде көтеріліп, баланың мазасы қашады. Жөтел, мұрыннан су ағу деген белгілер болмайды. Уақыт өте жүрегі айнып, тамағы қызарады. Кейін тамаққа да тәбеті тартпай, тіпті су ішпей қойды. Ауызы ойылып, қанап, басын көтере алмай қалды. Бесінші күннен бастап бетіне бөртпе шыға бастады. Оның қызылша екенін ғаламтордағы ақпараттан білдім. Содан бірден жедел жәрдем шақырып, инфекциялық ауруханада бір апта жаттық. Дәрігер бөртпелердің үш күн сатылап шығатынын айтты. Бірінші күні қызу көтерілгенде басына, көзіне, құлағына, мұрнына, тамағына, тіліне шығады. Екінші күні температура бергенде денеге, белге дейінгі аймаққа шығады. Үшінші күні бөртпе белден төмен, табанға дейін қаптап кетеді екен”, – дейді кейіпкер.

Айдана ауруханадан шығып үйге келгенде жұқпалы аурудың белгілерін емізулі қызынан да байқаған.

“Емделіп шыққан соң үйге келген бетіміз сол еді. Қызылша 6 айлық қызыма жұқты. Емізулі болған соң ауру жеңіл өтті. Жақында қызым желшешек жұқтырып алды. Желшешек (ветрянка) те де денеге бөртпелер қаптайды. Бірақ жараның беті суланып, жарылған соң қышиды. Желшешек кезінде қызымның қызуы көтерілмеді, жөтел де болған жоқ. Бір аптадан соң жазылып кетті”, – дейді кейіпкер.

Осы тұста көптеген адамдар қызылша мен желшешекті шатастырып алатынын айта кетейік. Сол себепті педиатр-инфекционист Абылай Қалдарбекұлынан аталған аурудардың айырмашылығын сұрап көрдік.

“Қызылшаның өршуіне біріншіден, ата-аналардың екпеден бас тартуы себеп болып отыр. Екіншіден, мектепте, балабақшада балалардың бір-бірімен байланысқа түсуі жұқпалы ауруды өршітеді. Қазақстанда қызылша қыркүйектің аяғы, қазан айының басынан бастап тарай бастады. Күннің салқындауына байланысты респираторлық вирустық инфекцияның өзі көбейді. Онымен қоймай, ата-аналар қызылшаны тұмау екен деп баланы оқшауламай, үйде емдей берді. Дерттің кең таралуына бұл да әсер етпей қоймады”, – дейді дәрігер.

Қызылшаның алғашқы белгілері:

Үш күн қатарынан температуоа 39-40 градусқа дейін көтеріліп түспейді;

Ауыз қуысында майда ақ дақтар пайда болады;

Ауыз қуысы ойылады;

Баланың көзі былшықтанып, суланады;

Төртінші күні баланың денесіне бөртпелер шыға бастайды.

Қазір қызылша ауруының өршіп тұрғанына байланысты, дәрігерлер қосымша екпе салып жатыр. Күнтізбеден тыс, 6 айдан асқан балаларға тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханада екпе салынады. Қызылша ауруы мен асқынуларды екпе арқылы ғана алдын алуға болады.

Дәрігер қызылшаны үй жағдайында емдемеуге кеңес береді. Себебі, менингит, қызылша энцефалиті сынды аурулар асқынып, миға әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде орталық жүйке жүйесіне зақым келіп, баланың мүгедек болып қалуы ғажап емес. Қызылша асқынып кетсе, пневмонияға әкеліп соғады. Ал қызылша пневмониясы басқаларға қарағанда ауыр өтеді және өкпеде ателектаздар қалып қояды. Яғни, өкпенің сыйымдылығы төмендеп, бала ауа жетпей, соңы гепоксияға әкеліп соғады.

Қызылша мен желшешекті қалай айырамыз?

Қызылша мен желшешекте бөртпелердің түріне байланысты айырмашылық болады. Қызылшада макулопапулезді, яғни бір-бірімен қосылған, тұтас бөртпе болады. Сондай-ақ баланың қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, гипертониялық температура болады. Қызылша кезінде адамның құлақ жағына және бетіне бөртпе қаптағанымен шаш арасына шықпайды. Ал желшешек кезінде денеге іші суланған, беті жараға ұқсас бөртпе қаптайды. Дене температурасы 38 градустан аспайды. Қызылша кезінде бөртпе шаш арасына дейін шығып кетеді және ауыз қуысында ақ дақтар болмайды.

Сондай-ақ гастроэнтеролог-инфекционист маман Нұржамал Кәрімқызы ересектердің қызылшаны ауыр өткеретінін тілге тиек етті.

“Қызылша ересектер үшін қауіпті болуы мүмкін. Бас ауырып, адам өзін жайсыз сезінеді. Бүкіл дене ауырып, үнемі шаршап жүреді. Дене қызуы жиі көтеріліп, 40 градусқа дейін барады. Ересектердің денесінде, одан бөлек мұрын, ауыз қуысында, тамақта және жыныс мүшелерінде бөрпелер қаптап, қышиды. Бездер үлкейіп, дене қызуы 7-8 күнге дейін басылмайды. Балалар 1-2 күн қызу көтеріліп, 2-3 күн бөртпе шықса, ересектерде дене температурасы көтерілген сайын, бөртпелер қаптай береді. Сондай-ақ жүйке жүйеге де зақым келеді. Ересектер қызылша ауруын қашан да асқындырып алады. Егер дер кезінде емдеген жағдайда 20 күн-1 айдың ішінде жазылып кетеді”, – дейді дәрігер.

Нұржамал Кәрімқызының сөзінше, бұл аурулар балаларда жеңіл өтеді.

“15 жасқа дейінгі балалардың өзінің және анадан берілген иммунитеті болады. Сол себепті балаларда жеңіл әрі қысқа уақытта өтіп кетеді. Ал 15 жастан кейін адамда иммунитет төмендей бастайды. Бұл кезде аналық иммунитет болмағандықтан ағза вирусты жеңе алмайды”, – дейді маман.