$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Өзбекстанда балаларды теуіп, таяқпен ұрған балабақша қызметкері жұмыстан қуылды

AstanaTV
16.12.2023ж. 14:55
970
Өзбекстанда балаларды теуіп, таяқпен ұрған балабақша қызметкері жұмыстан қуылды

Хорезм облысы Үргеніш ауданындағы балабақшада тәрбиешілердің жаттығу кезінде балаларды тепкілеп, таяқпен ұрғаны бейнеленген видео тарады. Оқиғадан кейін 2 қызметкер жұмыстан шығарылды. Бұл жағдайды Балалар омбудсмені бақылауға алды.

Әлеуметтік желіде Хорезм облысындағы балабақшалардың бірінде оқу-жаттығу кезінде мекеме қызметкерлерінің тәрбиеленушілерге дөрекілік көрсетіп жатқаны туралы видео тарады.

Онда тәрбиешілердің бірі балаларды қолы мен құлағынан тартып сүйреп, екіншісі тепкілеп жатқанын көруге болады. Видеода балаларды таяқпен түрткілеп ұрып жатқаны да анық көрінеді.

Облыстық мектепке дейінгі білім беру басқармасының мәліметінше, оқиға Үргеніш ауданындағы №23 балабақшада болған. Жіберілген қателер, дөрекі қылық пен кемшіліктер үшін тәрбиешілер мен ұйым арасында жасалған еңбек шарты бұзылды.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша Үргеніш аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.