«Достар» (Friends, 1994-2004) сериалындағы Чендлер Бинг рөлімен танымал актер Мэттью Пэрри кетамин әсерінен джакузиге батып қайтыс болған. Бұл туралы жұма күні CNN телеарнасы Лос-Анджелестегі сот-медициналық комиссия басқармасының сою туралы есебіне сілтеме жасап хабарлады.
Есепте Перри қанынан табылған кетаминнің жоғары мөлшері оның өліміне жүрек-қан тамыр жүйесінің шектен тыс соғып, тынысы тарылғаны себеп болғанын көрсетті, деп хабарлайды Kazinform.
Актер күйзеліс пен үрейшілдіктен ем алып жатқаны, оның ішінде тамырға кетамин салынғаны атап өтілген.
54 жасында бақиға аттанған Перридің мәйіті 28 қазанда Калифорния штатындағы үйінен табылды.