Гандболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионы анықталды. Мұндай атаққа Франция құрамасы ие болды, деп хабарлайды Kazіnform.
Финалда Франция мен Норвегия құрамалары кездесті.
Ойын барысында қос құрама бір-біріне лайықты қарсылық көрсете білді.
Бірінші кезеңде француз гандболшылары 21:18 есебімен басым түсті.
Екінші кезеңде де олар сол қарқыннан тайған жоқ.
Нәтижесінде Франция құрамасы қарсыласынан 31:28 есебімен сүріндіріп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Аталған құрама бұдан бұрын мұндай атаққа 2003 және 2017 жылдарда қол жеткізген еді.
Ал 3-орын үшін сайыста Дания құрамасы Швециядан 28:27 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды.
Биыл әлем чемпионатына қазақстандық гандболшылар қатысып, жалпы командалық есепте 30-орынға тұрақтаған еді.
Қазақстандық гандболшы қыздар жарыстың алғашқы сатысында G тобында сынға түсіп, Испаниядан 17:34, Бразилиядан 16:46, Украинадан 24:37 есебімен жеңіліп қалды.
Одан кейін әрбір топта төртінші орынды місе тұтқан құрамалар Президент кубогында екі топқа бөлінді.
Екінші топта бақ сынаған қазақстандық гандболшылар алғашқы екі ойында Конго Республикасына 36:37, Чилиге 23:27 есебімен есе жіберсе, Иранды 33:29 есебімен сүріндірді.
Нәтижесінде қазақстандық гандболшылар 29-орын үшін сайыста Парагвайға 30:36 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстандық гандболшылар әлем чемпионатына жетінші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші — 2007 жылғы 18-орын.