Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Барыс» Ресейде «Салават Юлаевтан» жеңілді

AstanaTV
20.12.2023ж. 02:47
828
«Барыс» Ресейде «Салават Юлаевтан» жеңілді

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Салават Юлаев» (Уфа) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл қазақстандық маман Олег Болякиннің елордалық команда бас бапкері қызметіндегі алғашқы ойыны еді.

Кездесу басынан қос команда хоккейшілері бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде 8-минутта «Барыс» сапынан Понтус Оберг мергендік танытты.

Оған «Салават Юлаев» хоккейшісі Павел Коледов 10-минутта бір шайбамен жауап қайырды.

Ал 11-минутта Энтони Камара қайтадан елордалық клубты алға шығарса, 14-минутта ресейлік Николай Кулёмин таразы басын теңестірді.

Одан кейін ресейлік командадан Киколя Мелош 23, Егор Сучков 26-минутта екі шайба соқса, елордалық командадан Аркадий Шестаков 44, Евгений Рымарев 54-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 57-минутында Николай Кулёмин қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 4:5 есебімен есе жіберді.

Айта кетсек, астаналық клуб биылғы маусымды сәтсіз өткізіп келеді. Соңғы 10 ойынның небәрі төртеуінде жеңіске жетті.

Енді елордалық команда алдағы ойынын Ресейде 21 желтоқсанда «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.