Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Биыл денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлінген

20.12.2023ж. 20:00
630
Биыл денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлінген

Биыл 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске қосылған. Өлім-жітім азайып, дәрі-дәрмекпен қамту 2 есе өскен. Жалпы салаға бюджеттен 2,5 трлн теңге бөлінді. Бұл қаржыға тағы қандай мәселелер шешілді? Медицинадағы өзгерістер туралы тілшіміз баяндайды.

Елде жыл басынан бері 90 медициналық нысан салынды.

80 мекеме жөндеуден өтіп, 4 көпсалалы аудандық аурухананың жөндеу жұмысы басталды. Стационарларда 3 млн-ға жуық адам көмек алды. Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісі 90 млннан аса науқасты қабылдады. 8 миллион тұрғынға жедел жәрдем көмек көрсетті. 360 мың нәресте дүниеге келді.

1 млннан аса адамға қымбат диагностикалық қызмет көрсетілді. 2,6 млн ауыл тұрғыны профилактикалық тексеруден өтті. Шалғай ауылдағы 50 мың тұрғын медициналық пойыз қызметімен қамтылды. 688 мыңына қашықтықтан қызмет көрсетілді.

Ал өлім-жітім көрсеткіші 5,7 процентке төмендеді. Дәрі-дәрмекпен қамту 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайған. Нәтижесінде 3,9 млн науқасқа қажетті дәрі берілді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Былтырға қарағанда нәресте өлімі азайып, 10 пайызға төмендеді. Ана өлімі 24 пайызға төмендеді.Сонымен қатар барлық емханада бұрын біздің азаматтарымызға қолжетімсіз болған қызметтер, компьютерлік томография, пет сияқты қызметтердің миллионнан аса түрін көрсетті.

Биыл денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлінген. Амбулаториялық шығын көлем 56 процентке өсті. Ал медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есеге артқан. Дәлірек, 2019 жылғы 6 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 78 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері 514 медициналық техника сатып алынған. Оған 58 млрд теңге бөлінді. Сөйтіп денсаулық сақтау ұйымдарын жабдықтау былтырмен салыстырғанда 2,5 процентке ұлғайды.

Дәрігер санын көбейту үшін республикалық бюджеттен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді. Жергілікті билік қаражаты есебінен 16 мың маман біліктілігін арттырды. Биыл бұл мамандықты 7 мыңға жуық түлек аяқтады.