Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Рұқсатсыз орындалған әндер. Саладағы былықтың беті ашылды

AstanaTV
21.12.2023ж. 12:18
680
Рұқсатсыз орындалған әндер. Саладағы былықтың беті ашылды

Тәртіп пен әділдік болғанда, авторлар бір жылда 6 миллиард теңгедей табыс табатын еді. Бірақ одан қағылды,-деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлеуметтік желіде әнші Айқын Төлепбергеннің өзгенің әніне "жиендік" жасағаны үшін басы дауға қалғаны туралы оқиға талқыға түсуде.

Ол "Айнаline" бағдарламасына сұхбатында репертуарындағы дауға тамыздық болған "Отыздан асып барамын" әнінің авторымен сотқа дейін тартысқанын әңгімеледі.

Белгілі композитор Садық Қынат "Отыздан асып барамын" әнін өзі жазып шығарғанын алға тартып, оны рұқсатсыз орындап жүрген Айқынды сотқа берді.

"Бұл әнді 1993 жылы өзімнің 40 жасыма арнап жазғанмын. Бүгінде жасым 70-те. Ол әнді ауылдағы той-томалақта "Қырықтан асып барамын" деп айтып жүрдім. Кейін әншілер сұраған соң Мұқағалидің сөзіне жазылған әнге айтып жүрдім. Көп жерде менің әнім екенін біледі. Бүкіл түркістандықтарға танымал ән. Ал Айқын Төлепберген орындаған кезде менің аты-жөнімді айтпайды. Оған хабарласқанымда: "Бұл ән сіздікі емес, Тұрсынғазы Рахимовтан алдым" деді. Адам іштен шыққан туындысын ешкімге бермейді ғой", – дейді сазгер.

Ал әнші сазгердің сөзіне сенбеген, дәйектемесін қабылдамаған. Қысқасы, оған авторлық қаламақы төлегісі келмеген.

"Маған хабарласып, осы әнінің авторымын деді. Баласы хабарласып, ақша сұрады. Содан кейін мен авторлық қоғамға сұраныс жіберіп, әннің авторы басқа адам деп жазылғанын білдім. Кейін ағайға хабарласып, мұны айттым. Мені сотқа берді, бірақ мен жеңіп шықтым. Сөйтіп, мәселе жабылды", – дейді әнші Айқын Төлепберген.

Алайда Тұрсынғазы Рахимовтың әйелі сазгердің сөзімен келісіп отырған көрінеді.

Бұл оқиға Қазақстанда өз туындыларын тіркетпеген авторлардың құқығы жаппай аяқасты болып жатқанына қатысты мәселенің шетін ашты. Бірақ Әділет министрлігінің түсіндіруінше, барлық құжаттары сай авторлардың да құқығы сақталып отырған жоқ.

"Қазақстанда авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін, соның ішінде аудиовизуалды туындыларды, әндерді және олардың дыбыс жазбаларын қолданғаны үшін сыйақы төлемеу белең алған. Өйткені қазіргі кезде оларды авторларға сыйақы төлеуге мәжбүрлеу үшін қажетті құқықтық тетіктер жоқ", – деп мәлім етті Әділет министрлігінің мамандары.

Олар бір жайтты барша қазақстандықтардың қаперіне салды. Сыйақы – авторлар мен құқық иелерінің еңбегі үшін өтемақы болып табылады. Өтемақы төлемей, әрі автордың келісімінсіз аудиовизуалды туындылар мен фонограммаларды жеке мақсатта пайдалану, жазып тарату – қоғам мен бизнес авторлардың, құқық иеленушілердің құқықтарын аяққа таптайды.

Жалпы, мамандардың түсіндіруінше, Қазақстанда заң бойынша өтемақы төлеудің екі тәсілі қарастырылған. Біріншісіне сәйкес, жеке не заңды тұлға, айталық, караоке немесе тойхана өзі пайдаланатын ән мен күйдің, басқа туындының авторымен, орындаушысымен немесе фонограммасын өндірушісімен тікелей келісімшартқа отырып, авторлық және сабақтас құқықтары үшін өтемақысын соның шотына аударып тұрады.

Немесе екінші тәсілге сәйкес, мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен – авторлық құқықты қорғау ұйымдарымен шарт жасасады.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның заңы дамыған елдердің заңнамасына сай келеді. АҚШ, Канада, Германия, Франция, Италия, Австрия, Швеция және басқа да озық елдерде ұқсас тәжірибе қолданылады.

Айтқандай, авторлық өтемақы төлеу үлгісін әлемде тұңғыш рет Германия 1965 жылы енгізіпті.

Бірақ Қазақстанда осы түзу заңды дұрыс, мүлтіксіз орындауға мәжбүрлейтін, одан бас тартқандарды қатаң жазалайтын нормалар қарастырылмаған көрінеді.

Автор немесе оның атынан әрекет ететін авторлық құқықты қорғау ұйымы заңбұзарлармен өзі дауласып, әділдікті сотта іздеуге тиіс. Оларды қорғауға мемлекеттік ведомстволар жауапты емес.

"Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың Қазақстандағы барлық пайдаланушылардан жинаған сыйақы көлемі 2022 жылы 1,5 миллиард теңгеден астам соманы құрады. Алайда еліміздегі барлық пайдаланушылар авторлық және сабақтас құқықтарды қатаң сақтағанда, олардың зияткерлік мүліктерін, құқық объектілерін заңды түрде пайдаланғанда, сыйақының бұл сомасы ең кемі 4 есе артық болатын еді", – дейді Әділет министрлігінің өкілдері.

Бүгінде әлемде авторлық құқықты қорғау күшейтіліп, күрес қатайтылып жатыр. Мысалы, әлеуметтік желіде авторлық құқық сақталмай пайдаланылса, онда сондай әні не әуені бар видео бұғатталып тасталады.

Әлемдегі 74 мемлекет табыс таппай, жеке мақсатта көшіріп алу үшін де ақы белгілейтін заңды қабылдады. Еуроодақтың 28 елінің 21-і жеке көшіру үшін алымды заңды түрде бекітті.

Авторлар мен композиторлар қоғамдарының халықаралық конфедерациясының (CISAC) мәліметінше, дүниежүзінде жеке мақсатта көшіру үшін аударылған сыйақының жалпы көлемі 1,046 миллиард еуроны құрады.

Алайда Африка, Латын Америкасы және Азиядағы авторлар мен композиторлар әлем бойынша тиісті сыйақысын алмайды.

Мәселен, авторлар мен құқық иелеріне бағытталған 1,046 млрд еуродағы Францияның еншісі – 277 млн, Германиянынікі – 332 млн, Италияныкі – 127 млн еуро. Нидерландыға – 33 млн, Венгрияға – 27 млн, Чехияға – 9,5 млн, Литваға – 4,8 млн, Швейцарияға – 15 миллион еуро тиесілі.

Қазақстан алдыңғы қатарлы елдер үлгісінде салалық заңнамасын жетілдіруге кірісті. Егер Әділет министрлігі әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Парламент қабылдаса, онда авторлардың жаңа табыс көзі пайда болуы мүмкін.

Олар мысалы, әнді немесе ән кешін ретрансляциялаған телеарналардан, радиотолқындардан және басқасынан ақы ала алады.

Бұл құқық сондай-ақ шетелдіктерге де қатысты: қазақстандық теле-радио арналар ресейлік, өзге елдердің фильмдерін, сериалдарын, музыкалық өнімдерін, телебағдарламаларын және басқасын ретрансляциялауға құмар. Енді оларға сол үшін Ресейге және өзгесіне қосымша ақы төлеуге тура келуі мүмкін.

Министрлік мамандарының айтуынша, қолданыстағы "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" заңының 16-бабына сәйкес, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің туындысын әрбір пайдаланғаны үшін сыйақы төленуге тиіс. Ал оны ретрансляциялау үшін тиісті сыйақы төлеу қарастырылмапты. Бұл олқылықты жаңа заң жобасы түзетуге тиіс.

Дегенмен, шығыны артатын кәсіпкерлер тарапынан қарсылықтың туындауына байланысты заң жобасы әрі қарай пысықталады. Әділет министрлігі бәрібір оны келесі жылы қабылдауды жоспарлап отыр.