Сұйытылған газдан жиі тарығатын Орал өңірі үшін енді бұл қиындық та артта қалды. Өйткені облыста жаңадан ашылған «Рожков» кен орны пайдалануға берілді. Енді оралдықтар көлікке керек көгілдір отынды көрші облыстардан тасып, бейнетке түспейді. Ел экономикасы үшін орны ерек кенішті пайдалануға беру рәсіміне ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен шетелдік инвесторлар қатысты. .
Бұл кеніш 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау кезінде ашылыпты. Содан бері 500 миллион доллар инвестиция құйылған. Енді мұнда 2040 жылға дейін 14 млрд текше метр шикі газ бен 7 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр.
Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласын жандандыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалар аясында біз биыл үш газ кен орнын іске қостық. Қызылорда облысында орналасқан "Оңтүстік Ақсай" газ кен орнын, Ақтөбе облысында орналасқан "Шығыс Өріктау" кен орнын іске қостық. Енді міне "Рожков" кен орнын іске қосып жатырмыз. Біз әрине осы жұмыспен, осы жобалармен тоқтамаймыз.
Кенішті игеретін «Орал Ойл энд Газ» компаниясы акцияларының 50% «ҚазМұнайГаздың» үлесінде. Ал қалған акциялары Венгрия мен Қытай компанияларына тиесілі. Бүгінде мұндағы жұмысшылардың 74% - жергілікті мамандар.
Евгений ЛАПШИН, MOL GROUP РЕСЕЙ-ҚАЗАҚСТАН БАС ДИРЕКТОРЫ:
Біздің компания - Қазақстан экономикасындағы ең ірі венгриялық инвестор. 20 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Сол кезден бері 300 миллион еуро инвестиция құйдық. Бұл жобаның болашағы зор деп білемін.
Кен орнында өндірілген шикі газ өңдеуші кәсіпорынға беріледі. Сосын дайын өнім ішкі нарыққа жеткізіледі. Осылайша облыстың газ тапшылығынан құтылар күн де алыс емес.
Серікқали БРЕКЕШОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгінгі таңда бір ұңғымадан газ өндіріп жатырмыз. 4-5 айдың ішінде тағы да 4 ұңғыманы қосамыз. Сол кезде өндіретін газдың көлемі 500 миллионға дейін барады. Әрі қарай 2-фаза қосылғаннан кейін өндірілетін газдың көлемін 1 млрд текше метрге дейін алып барамыз.
Кенішті пайдалануға беру рәсіміне қатысқан Премьер-Министрдің айтуынша, халық саны өсіп, өнеркәсіптің дамуы өңірлердегі газ ресурсын арттыруды талап етеді. Сондықтан бұл бастаманың еліміз үшін стратегиялық маңызы зор.