Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Жаңа жылдан бастап зейнетақы мен баланың дүниеге келуі бойынша берілетін төлемдер 20 пайызға артады

AstanaTV
15.12.2016ж. 20:00
3484
Жаңа жылдан бастап зейнетақы мен баланың дүниеге келуі бойынша берілетін төлемдер 20 пайызға артады

Жаңа жылдан бастап зейнетақы мен баланың дүниеге келуі бойынша берілетін бірреттік төлем 20 пайызға артады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай қуантты. Тәуелсіздік сарайында өткен мерекелік басқосуда алдымен Президент екі мүшелді бастан кешкен қиын да қыстау кезеңді еске алып, тарихқа шолу жасады. Одан соң азаттық жылдарындағы жетістіктерімізді тізіп, 2050 жылы Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі  82 жасқа, ал халық саны 25 миллион адамға жетеді деп болашаққа нақты болжамдар жасады. Ата заңымызға да өзгеріс енуі мүмкін. Салтанатты жиыннан Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Салтанатты жиынның аты салтанатты. Бүгін Елбасы ерекше көңіл-күймен бірқатар жағымды жаңалықты жеткізді. Соның бастысы 2017 жылдан бастап биылғы жылмен салыстырғанда зейнетақы 20 пайызға өседі. Және бала туу бойынша берілетін төлемдер де 20 пайызға артпақ. Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, елде Президент, Үкімет және Парламент арасындағы өкілеттікті қайта бөлу керектігін көтерді.

20 пайызға көтерілген зейнетақы 2,2 млн қартқа бұйырады. Президент бала туу көрсеткішінің өсімі 55 пайызға жеткенін айтып, бэйби бумды осы қалыпта сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Также поручаю с 1 июля 2017 года увеличить размеры единовременных государственных пособий в связи с рождением ребенка на 20 процентов.

Сөзінің басында экономика тұралап қалған 90 жылдардың тоқырауын еске алды Елбасы. Үш жарым млн халық көшіп кеткен. Ол жыл сайын бір қаланы жоғалтқанмен тең болса керек. 17,5 млн халық 14 млнға азайды. Халықтың 35 пайызы кедейліктің шырмауында болды. Ал тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы кедейшілік 12,5 есе азайып, 2,5 пайызға түскен. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қасиетті Ата заңға өзгеріс енуі мүмкін екенін айтты. Өйткені биліктің өкілеттілігін өзгерту керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Настало время рассмотреть вопрос перераспределения полномочий между Президентом, Правительством и Парламентом. Специальная комиссия должна изучить эти вопросы и внести предложения по изменению соответствующих законов, а возможно и Конституции.

Мемлекет басшысы өз ісінің мықтылары, хирургтар Серік Ақшолақов пен Юрий Пяның ерен еңбектерін де атап өтті. Ал медицина саласының қызметкерлері тәуелсіз ел атанған тоқсаныншы жылдарда Қазақстанда жүрекке ота жасалады деген ой да болмағанын айтты.

Дмитрий Горбунов, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлім жетекшісі:

Қазір Қазақстанда балаларға жүрек операциялары 8 қаланың 11 бөлімінде жасалады. Біз ота жасаған адамдар, біз Еуропаға барып ем қабылдағандай болдық, дейді. Ота жасаған әр бала мен үшін туған баламдай. Сондықтан достарым мені әзілдеп көп балалы әке деп атайды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел жеткен жеті жетістікті жіпке тізді. Басты жетістігіміз - тәуелсізідігіміз. Екінші триумф - Қазақстанның экономикалық ғажайыбы, деп атап өтті Елбасы. Азаттық жылдарында экономика 20 есеге артқан. Кәсіпкерлердің үлесі өз алдына бір төбе. Инфрақұрылымдық ілгерілеушілік, Астана айбыны, Қашаған құдыреті, инвестициялық жеңістер және экспорттық әлеуетті ескере келе, Қазақстанның 119 елге 2500 түрлі тауар шығарып отырғанын айтты. Экспорт шамамен 50 млрд долларды еңсерді. Қазақ елі бұрын-соңды шығармаған өнімнің 500 жаңа түрін өндірді, деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

У нас в 2,6 раза сокращена безработица. За последнюю пятилетку мы каждый год создаем 270 тысяч новых рабочих мест. Социальные расходы за 25 лет выросли с 26 млн до 4,8 трлн тенге, как посчитали только что, в 180 тысяч раз. Это 46% от бюджета страны. И эту работу мы будем продолжать.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед де Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігінің бірін атады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Тәуелсіздік жылдары еркін ойлы, азат тұлғалы, сіздің жаңашыл реформаларыңызды батыл қолдайтын, жақында ғана дәл осы залда өзіңіз кездескен қайтпас-қайсар, жігерлі, білімді жаңа ұрпақ қалыптасты. Ел тәуелсіздігінің ең басты жетістіктерінің бірі - осы деп білемін.  

2050 жылы Қазақстан халқының өмір сүруі 82 жасқа дейін жетпек. Президент ол кезде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 4,5 есе өсетінін айта келе, азаттықты аяққа мықтап тұрғызу үшін аянбаған әр адамға алғысын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көп сөздер айтылды. Адам ретінде тыңдау жағады жаныңа. Бір адам еңсере алмайды. Мен басымды иіп халқыма ризашылығымды, осындай қиын қыстау жағдайда сеніп алға жүріп, түсінбесе де, білмесе де, сенім артты. Осының арқасында осындай жетістікке жеттік.

Өз атына көп жылы сөз естіген Ұлт Көшбасшысы мақтаудың да шегі барын ескертті. Тәжірибесіне сүйеніп, ондай мадақтардан көңілі босамайтынын айтты. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ