$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жыл басынан бері халық денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық тауар анықталған

AstanaTV
25.12.2023ж. 13:05
791
Жыл басынан бері халық денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық тауар анықталған

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында тауарларды сертификаттау тәртібін қатаңдатуды ұсынды.

«Жыл басынан бері халық денсаулығына қауіпті 3 мыңға жуық тауар анықталды. Сарапшылар мұндай тауарлардың басым бөлігінде жалған сертификаттар бар екенін айтып отыр. Министрлік сайтының (Сауда және интеграция министрлігі – ред.) мәліметі бойынша 2023 жылдың басынан бері 22 аккредиттеу аттестаты кері қайтарылды, 11-і уақытша тоқтатылды, өнім қауіпсіздігі туралы құжаттың 300-ден астамы жарамсыз деп танылды», - деді ол.

Мәжіліс депутаты сауда саласындағы зертханалар мен сарапшы-аудиторлардың қызметіне қойылатын талаптарды қатаңдатуды ұсынды.

«Сарапшылардың пікірінше, бір сертификаттың өзі 100 мыңнан астам тауарды сатуға мүмкіндік береді. Ал олардың ішінде сапасы күмән келтіретіндер де болуы мүмкін. Сондықтан да аккредиттеу жөніндегі органның, зертханалар мен сарапшы-аудиторлардың қызметіне қойылатын талаптарды қатаңдату қажет, сондай-ақ оларға бақылауды да күшейту керек», - деді Нұртай Сабильянов.