Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Барыс» хоккей клубының ең қымбат легионері бір маусымда 325 млн теңге алады

AstanaTV
26.12.2023ж. 10:09
678
«Барыс» хоккей клубының ең қымбат легионері бір маусымда 325 млн теңге алады

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев «Барыс» хоккей клубының легионерлеріне төленетін айлықты әлеуметтік әділетсіздік деп атады, деп хабарлайды Kazinform.

«Сіздерге sport-express.ru-дағы ресми сандарды айтайын, халық та білсін. «Барыс» хоккей клубының 2023-2024 жылдарға арналған жалақы ведомствосы тұр мына жерде. Мысалы, бірінше орында «Барыстың» ойыншысы Эдуард Паскуале деген легионеріміз бір маусымға 65 млн рубль алады екен. Біздің ақшамен 325 млн теңге. Екінші орындар бойынша Алекс Грант деген легионер 58 млн рубль алады. Үшінші орындағы Нельсон Ножье деген легионер 35 лмн рублт алады. Сол Нельсон Ножье 2022-203 жылы 18 млн рубль алған, енді 35 млн рубльге айлығы өсіп кеткен. «Барыстағы» ең көп жалақы алатын 29 спортшының алғашқы орындағы тоғызы легионер», - деді ол.

Депутат жалпы «Барыс» хоккей клубының бір жылдағы жалақысына 486 млн рубль кететінін атап өтті.

«Бұл біздің ақшаға шаққанда 2,5 млрд теңге. Біздегі әлеуметтік жағдаймен қараған кезде бұл әділетті ме? Осындай қымбат легионер жалпы бізге керек пе? 2,5 млрд теңгені біз тек айлық ретінде хоккейге беруіміз керек пе? Бұл хоккейшілердің маусымдағы салған шайбасы мен, ұпай алған ойындары үшін берілетін бонустарды қоспағандағы сандар. Осынша хоккейшілерді ұстайтындай біз бай мемлекет емеспіз ғой. Бұл ақпарат жалған десеңіздер, оны айтыңыздар», - деді Нартай Аралбай Сәрсенғалиев.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев аталған сандардың бәрі шын екенін растады.