АҚШ-ң Федералды резерв жүйесі базалық ставканы көтерді - 0,5-тен 0,75 пайызға дейін. Бұл мұнай бағасына, доллар бағамына тікелей әсер ететін қадам. Ал мұнай бірден арзандады. Мұнай өндіруші елдердің ұйымы ОПЕК, өндірісті азайтуға келісіп, баға өскендей, жағдай біршама түзелетіндей көрінген. Бірақ америкалықтар бұған жол берсін бе?! Доллар индексі артты, күшейгендей сыңай танытқан біздің теңге де бірден әлсізденді.
Меруерт
Махмұтова, экономист:
Біздің экономиканың мұнайға тәуелділігі зор болғандықтан, әрине, мұнай
бағасы төмендеп жатса, онда экономикаға кері әсер етіп, бюджет кірісін
төмендетеді. Және ол тек теңгенің ғана емес, басқа да валюталардың
құнсыздануына әсер етеді деп болжам жасауға болады.
Бұл бер жағы, тереңірек қопарсақ, Тенгриньюс порталына берген комментарийінде экономист Саян Қомбаров айтқандай, қарыздар қымбаттайды. Мемлекет те, компаниялар да сырттан алатын қарыздар. Нәтижесінде қомақты қарызы барлар қысым көреді.
«Қазақстанның сыртқы қарызы аз емес. Мемлекет түрлі жобаларды қаржыландыруға алған қарыздарды жабу үшін Ұлттық қордан көбірек ақша ала бастайды. Ол қарыздарды квазимемлекеттік сектор, банктер, ұлттық компаниялар қымбат, бірақ тиімсіз жобаларға жұмсаған-ды. Қарыздарды қайтару жүктемесі салық төлеушілерге түседі. Салық ғана көбеймейді, инфляция артуы мүмкін. Себебі Ұлттық банк кейбір тиімсіз ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын сатып алып, теңгені эмитациялап, оларға доллар сатып алса. 2015 жылы «Қазмұнайгаз» бірнеше миллиард доллар сыртқы қарызын төлеген, бірақ оның бағасы одан да қымбат болған - теңге девальвацияланған», - деген сарапшы.
Мамандар АҚШ-ң Федералды қоры базалық мөлшерлемені 2017 жылы тіпті 3 есеге дейін көтереді деген болжам жасап отыр. Осылайша АҚШ экономикасы тағы да нығая түспек. Айта өтейік, қазір Құрама Штаттарда инфляция деңгейі тұрақты. Жұмыссыздық 4,6 пайыз.
«Әлемдік орталық банктер әуелі
ставкаларды төмендетеді, сөйтіп біз сияқты елдер толтырып қарыз алып алады.
Кейін ойын ережесін жүргізетіндер ставканы көбейтеді – біз сияқтылар
девальвацияларға ұшырайды». Түйіні осы.