Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Рәсуа болған ақша": Павлодар облысында 53 миллионға салынған мұз қалашығы еріп, су болып ағып жатыр

AstanaTV
27.12.2023ж. 09:07
1210
"Рәсуа болған ақша": Павлодар облысында 53 миллионға салынған мұз қалашығы еріп, су болып ағып жатыр

Павлодар облысында 53 миллион теңгеге жасалып жатқан мұз қалашығы еріп, су болып ағып жатыр. Ал ауа райына қарамай, қыруар қаражатқа тапсырыс берген шенеуніктер сынның астында қалды. Тұрғындар мұны ысырапқа балап, бюджет қаржысын бей-берекет шашу деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Бюджеттің 53 миллион теңгесіне жасалып жатқан мұз қалашығы күннің күрт жылынуына байланысты еріп жатыр. Жұмысшылар да еңбегіміз еш кетті деп қапалы.

Ертіс жағасында балаларға мұз қалашығы мен сырғанақ жасауды мердігер компания бір апта бұрын бастаған. Бірақ жұмыстың жартысы бітіп, азы қалғанда барлығы ағып, айнала көл болды.

“Суық жоқ. Суық болса, мынау қатып тұрушы еді. Қазір қар да жоқ. Кірпіштің өзіне қоқыс жабысып, кірленіп жатыр. Ертең ериді, әрине”, – дейді жұмысшылардың бірі.

Синоптиктер биылғы қыс жылы болады деп алдын ала болжаған. Бірақ ауа райын ешкім ескермеген сыңайлы. Қазіргі көрініс қомақты қаржыны қалайда игеру мақсатындағы жанталасқа ұқсайды дейді тұрғындар. Халық шенеуніктердің әрекетіне нағыз ысырап деп отыр.

2024 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қалай өзгереді

2024 жылы жәрдемақылар мен зейнетақы қаншалықты өседі

Павлодар облысының әкімдігі Жаңа жылда қаланы безендіруге бюджеттен 185 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Алайда шенеуніктер мұз қалашығын қалпына келтіруге қосымша қаражат бөліне ме, жоқ па деген сұрақты жауапсыз қалдырды.

“Ертіс жағасында мұздан қалашық құйылады. Оның құны 53 миллион теңге. Сырғанақ, ертегілердің кейіпкерлері бәрі сол жерде болады. Одан басқа қаланы безендіру үшін 80 млн 500 мың теңге қаржы жұмсалады. Шаһарға шырша қойып, жарқыраған шамдармен безендіреміз”, – деп түсіндіреді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Әкімнің орынбасары 52 миллион теңгеге биіктігі 30 метр сәукеле пішіндес шырша қойып, қаланы безендіруге ұлттық рең береміз деп отыр. Ал қоғам қайраткері Ертай Мәшһүр Жүсіпов мұны бюджет қаржысын оңды-солды шашу дейді.

“Жалпы, қазақ шырша, тал, қайың, емен бәріне бірдей қарайды. Бұл біздің ұлттық дәстүріміз де, нақышымыз да емес. Оған сәукеле дейсіздер ме, найза қыла ма, қазақта жоқ нәрсені ойлап табу 21 ғасырда ұят тірлік. Бұл босқа ақшаны рәсуә қылып шашу”, – дейді қоғам қайраткері Ертай Мәшһүр Жүсіпов.

Халықтың сынынан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жаңа жылға бөлінген қаржыны игеру бойынша тексерісті бастады. Айта кетейік, он жыл бұрын Павлодарда 38 миллион теңгеге алып шырша орнатылды. Бірақ сол кездегі қала әкімінің әрекеті халықтың ашуын тудырып, шенеунік жұмыстан шығарылған болатын.