Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

СҚО-да 3 күннен бері 20 елді мекен тұрғындары жарықсыз отыр

AstanaTV
28.12.2023ж. 13:54
535
СҚО-да 3 күннен бері 20 елді мекен тұрғындары жарықсыз отыр

Солтүстік Қазақстан облысында боранның салдарынан электр қуатынан ажырап қалған елді мекендерге тек ертеңдері ғана жарық берілуі мүмкін.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбековтың айтуынша, 26 желтоқсан күнгі боранда барлық 13 ауданның 181 елді мекені жарықсыз қалған болатын.

Қазіргі уақытта 8 ауданның 20 елді мекені электр қуатынан ажыраған. Олар: Есіл, Мамлют, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан, Қызылжар, Айыртау, Шал ақын және Тимирязев аудандары. Бұл – 1 053 абонент.

«Үзілген жерлерді тез анықтап, қалпына келтіру мүмкін болмады. Оған біріншіден ауа райы әсер етті және жұмыс көлемі ауқымды. Бүгін-ертең барлығын қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 92 апаттық-жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр. 195 техника жұмылдырылған. Жалпы бізде кезекші апаттық-жөндеу бригадалары бар. Олар мереке күндері де кезекшілік атқарады», - дейді Ерлан Қайырбеков.

СҚО бойынша бүгінде электр желілерінің 87%-ы тозған. Соның салдарынан қолайсыз ауа райында электр сымдары үзіліп, зардабын тұрғындар тартып жатыр.

Естеріңізге салайық, 18 қараша күні де өңірде жауын мен дауылдың салдарынан 11 ауданда 217 елді мекен жарықсыз қалып, кейбір ауылдар электр қуатына тек бір аптадан кейін ғана қосылды.