Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

2023 жылы Қазақстанда 11 мың төтенше жағдай болды

AstanaTV
28.12.2023ж. 20:00
676
2023 жылы Қазақстанда 11 мың төтенше жағдай болды

Биыл елімізде 11 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген. Салдарынан 600-ден астам адам қаза тапты. Оқыс оқиғаның бірі - табиғаттың тілсіз жауы болса, енді бірі - жауапсыздардың салғырттығынан болды. Қоғамдық орындағы бәз біреулердің тәртіпсіздігінен ажал құшқандар да бар. Тілшіміз жыл көлемінде болған апатты жағдайларға шолу жасады.

12-маусым. Абай облысы, Семей орманындағы алапат өрт 60 мың гектарды шарпыды. 7 күнге созылған тілсіз жаудан «Семей орманы» резерватының 14 орманшысы ажал құшты.

17-тамыз. "АрселорМиттал Теміртау" -дың Казахстанская шахтасында конвейер лентасы өртенді. Апат кезінде жер астында 227 адам қалды. Оның 222-сі аман-есен эвакуацияланды. 5-еуі қайтыс болды.

28-қазан. Костенко шахтасында жойқын жарылыс болды. 46 адам қаза тауып, 28-і ауыр жараланды.

30-қараша. Алматыдағы хостелде шыққан өрттен 13 адам жанып кетті. Оның 9-ы ел азаматтары. Қалғаны - шетелдіктер.

22-желтоқсан. Алматыда бұзақы жүріп бара жатқан автобус жүргізушісін ұрып талдырды. Салдарынан аялдама тұрған 3 адам қайтыс болды. 4 адам ауыр жарақат алды.

Жалпы жыл басынан бері 11 мың оқыс оқиға болған. Төтенше жағдайлар кезінде 1700 адам түрлі жарақат алды. Ал құтқарушылар 76 мың рет жедел шақыртуға шыққан. Нәтижесінде 22 мың адамның жанына араша түсті. 5 мыңына алғашқы жедел медициналық көмек көрсетілді. 2022 жылмен салыстырғанда дер кезінде қолданылған шаралардың арқасында оқыс оқиға 6,5 процентке азайды. Ал материалдық шығын 10 млрд теңгеге жуықтаған.

Жанна ДӘУРЕНБЕКОВА, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ:

Біздің құтқарушыларымыздың, қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайына әрқашан да назар аударылады. Енді бұл тек биыл ғана осы жұмыс басталды деп айтуға болмайды. Ол бірнеше жыл бойы жүріп жатқан жұмыс. Бірақ биыл жылдың басынан бері біздің қызметкерлердің жалақысы 77 пайызға дейін көтерілді. Сонымен қатар қосымша үстемақылардың да мәселесі шешілді. Тұрақты дайындыққа тағы да 10 пайыз жалақыға қосылған болатын. Осындай мәселелер шешілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасады.

Биыл республика бойынша төтенше жағдайлар мекемелеріне 250 арнайы техника сатып алынды. Оған қоса 2 мыңнан астам құтқару жабдығы жаңартылды. 2 тікұшақ пен пилотсыз аппараттар да құтқарушылардың жұмысын жеңілдеткен.