$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл елімізде қандай заңдар қабылданды?

28.12.2023ж. 20:00
751
Биыл елімізде қандай заңдар қабылданды?

Биыл саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда бірқатар өзгеріс болды. Саяси жүйе толығымен жаңарды. Депутаттар Үкіметке 233 сауал жолдап, жаңа заңдар қабылданды. Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті. Қоян жылындағы қомақты істер туралы әріптесім Аружан Задабек айтады.

Көктемде Қазақстанда банкроттық туралы заң қабылданды. Сол-ақ екен бір күннің өзінде 2 мың 500 адам өтініш қалдырды. Халыққа қызмет көрсету орталығына ағылған жұртты көріп, халыққа осы керек екен-ау дедік. Өйткені 6 айдың ішінде банкроттыққа 70 мың адам өтініш берген. Бұл елдегі ахуалдың күрделі екенін дәлелдеп берді. Оның 6 мыңы мақұлданып, 9 миллиард теңге қарыз кешірілді. Тұрғындардың әлі 9 трлн 200 млрд теңгеден астам берешегі бар. Ситуацияның күрделі екенін бәріміз көрдік. Ұқтық. Сөйтіп «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асырды. Сол арқылы биыл 65 мың адам қаржылық сауатын арттырды.

Ақмарал БЕКМҰРЗАЕВА, "ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ" ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қатысушылардың орташа жасы 43-те. Олардың 65%-да несие бар. Қарызын төлеу мерзімі 90 күннен де асып кеткендердің үлесі – 18%.

Биыл тұрмыстағы зорлық-зомбылық 3 есеге өскен. Жанұясына қысым көрсеткен 200 «агрессор» анықталды. 6 мың азамат қамауға алынды. Бұған тоқтау салу үшін шілдеде заңға арнайы өзгеріс енгізілді. Бірақ мұның өзі қылмыстың азаюына сеп болмай тұр. Депутаттар бірауыздан заңнаманы тағы өзгертуді қолдап отыр. Екі рет Үкіметке хат жолдаған. Қазір ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Зорлық-зомбылықта балаларға да, әйел адамдарға да жол бермеуіміз керек. Қажет болса заңды қатайтуымыз керек деп ойлаймын.

Биыл заңсыз ойын бизнесінің үлесі жылжымайтын мүлік нарығынан екі есе асып түсті. 350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойынының құрығына ілікті. Елімізде 3676 адам өзіне-өзі қол жұмсаса, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы биыл ойын бизнесінің қызметін реттеу бойынша бірқатар мәселе көтерді. Депутаттар алимент, салық және несие қарызы бар азаматтарды букмекерлік кеңселерге кіруіне заңмен шектеу қажет деп есептейді. Сондай-ақ, онлайн-казино ұйымдастырғандарды қылмыстық жазаға тартуды ұсынды.

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен. Қазір енді мына құмар ойын ойнайтындар шетінен қылмыскер болып жатыр.

Биыл діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу мәселесі де қызу талқыланды. Мәжіліс депутаттары қазақты діни негізде бөлшектеу басталды деп дабыл қақты. Олар қазір ән әлемінде, айтыста, спортта, тіпті билікте жат ағымның өкілдері жүр, - дейді. Дін туралы заң, елімізде осыдан 15 жыл бұрын қабылданған. Бірақ, заңдық тұрғыда қатаң тыйым салынған жоқ. Салдарынан уахабшылар-салафизм идеясына табынушылар көбейгенін айтады.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ұл-қыздарымызды теріс уағызбен емес, ұлттық тәрбие арқылы жөнге сала аламыз. Ол үшін мемлекеттік деңгейде ұлттық идея қолға алынуы керек.

Қазақстан вейп контрабандасы бойынша дүниежүзінде 5 орында тұр. Дәрігерлер түрлі-түсті құтыдан шығатын тәтті түтінге оқушылар алданып отыр деп дабыл қағады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы қауіпті үрдіспен күресуді жауаптыларға жыл басында тапсырған. Өз сөзінде «Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам» деп шегелеп айтты. Содан кейін депутатттар заң жобасын жүзеге асыруға кірісті. Норма біраз адамның көңілінен шықты.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Биыл депутаттар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын іске асыруға белсенді түрде үлес қосты.

Биыл жүргізілген саяси реформалар – жемісін бірнеше жылдан кейін беретін шешімдер. Егер, әрине, жауапты органдар тиісінше орындаса. Қабылданған жаңа заңдар қазірдің өзінде нәтиже көрсетті. Осы арқылы елдегі түйіткілді түбірімен жұлып алмасақ та, тарқатамыз деген үміт бар.