Полиция күшейтілген қызмет режиміне көшті. Себебі, мереке қарсаңында жол ережесін бұзу, вандализм, мас күйінде көлік тізгіндеу секілді фактілер жиілейді. Заң бұзушылықтың алдын алу үшін 29 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында Астана қалалық полиция департаменті рейд өткізеді.
Тәртіп сақшыларының жұмыс күні әнұранмен басталды. Әрбір маман өзіне жүктелген тапсырманы алып, таңмен таласа қызметтеріне кірісті. Күннің борап тұрғанына қарамады. Қызметтері солай. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мереке күндері жеке құрамның 200 қызметкері мен 45 қосымша күш, 26 қызметтік көлік күшейтілген режимде жұмыс істейді. Полицейлер ішімдік ішіп темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударатын болады.
Дәурен ОРАЗБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАТАЛЬОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ:
Жаңа жылдық мереке қарсаңында елордалық полиция қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Бұның негізгі мақсаты халықтың демалыс күндері өз уақыттарын тиімді, тыныш, бейбіт өткізуіне бағытталған. Сонымен қатар қаламызда шырша, пиротехника секілді шаралар жүргізіледі. Бұның барлығы халықтың амандығына бағытталған.
Үсен Мергенбаев 3 жылдан бері қоғам қауіпсіздігін күзетіп келеді. Ол демалыс күндері қылмыстың алдын алу, ұрлық, алаяқтық істердің ізін суытпай ашу жұмыстарын жедел жүзеге асыруға сақадай саймыз дейді.
Үсен МЕРГЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАТАЛЬОНЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Демалыс күндері ғой. Соған байланысты қылмыс артады. Оның барлығын біз алдын аламыз. Өйткені біз күнделікті жұмыстамыз, қоғамдық тәртіпке келтіреміз. Халыққа және қоғамды қауіпсіз ету мен үшін үлкен мәртебе.
Бізде тәртіп сақшыларымен рейдтке шықтық. Полицейлерге көше бойында қара түсті киім киген күдікті жүр деген ақпарат берілді. Дереу аталған жерге барып, оның құжаттарын тексердік.
Рейдт кезінде тәртіп сақшылары тек көлік жүргізушілерін ғана емес, жаяу жүргіншілердің де құжаттарын тексереді. Егер заң бұзушылық орын алса дер кезінде шара қолданылады.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Құжаттарымның барлығы дұрыс болды, тексерді. Ары қарай өздерінің жөндерімен кетті. Бір жағынан ойлаймын, тәртіп сақшылары осылай жиі тексеріп тұру керек. Себебі, жаңа жыл келе жатыр, әртүрлі қылмыстық оқиғалар болып жатыр. Соның алдын алу шаралары жүріп жатыр деп түсіністік таныттым.
Тәртіп сақшылары мереке күндері азаматтарға жеке мүліктеріне сақ болуға және қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, заңға қайшы әрекеттерге бармауға шақырады.