Атырауда тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, өртке ұласқан. Өрттен 5 адамды күйік шалды.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт 2 қаңтарда болған.
«Жергілікті уақытпен сағат 11:10-да Call орталығына Атырау қаласының Көкарна ауылында тұрғын үйден түтін шығып жатқаны туралы қоңырау түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына келген кезде газ-ауа қоспасының дүмпуі болғаны анықталды. Дүмпудің салдарынан тұрғын үйдің 9 шаршы метр қабырғасы құлап, 140 шаршы метр алаңы жанып кетті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Тұрғын үйдегі өрт сағат 12:03-те оқшауланды. Сағат 12:22-де жалын толық сөндірілді.
«Өрттің салдарынан 5 адамды күйік шалды. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Жалынды сөндіруге Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 16 қызметкер мен 3 техника тартылды.