Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Тоқаев: Бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, болашақта кім болатынымыз маңызды

AstanaTV
03.01.2024ж. 12:41
509
Тоқаев: Бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, болашақта кім болатынымыз маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескілікке бой ұруға болмайды деп санайды. Оның сөзінше, баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті жоқ.

— Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуаты­мызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз. Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих — біздің жалпы­ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді, — деп атап өтті Президент Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.

Алайда оның айтуынша, біздің бұрын кім болғаны­мыз­дан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әл­деқайда маңызды.

Сондықтан қандай қиын­дықтан өткенімізді бағамдай­тын кезде ғана ауызбіршілік таныт­пай, баянды болашаққа да бірге қадам басуы­мыз қажет.

— Біз өткенді аң­саумен өмір сүр­меуіміз керек. Кері­сінше, келе­­ше­гі­мізді кемел етуге ұмтылып, ұлт­­тың ұлы­лығын нақты іспен дәлел­­деуге тиіспіз. Дүние­таны­мы­мызға жат мәдениеттерге көзсіз елік­теу­ден, жалған патриотизмнен, даң­ғойлық пен дарақылықтан сақтануы­мыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшілік­терге көз жұма қарамай, одан арылуы­мыз қажет. Мұның бәрі күн са­йын құбы­л­ған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды. Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркенде­сін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоға­ры бағалануға, білімпаздық пен жа­ңа­­­шылдық салтанат құруға тиіс. Сон­дай-ақ өмірге деген байсалды және ба­йыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зия­лы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі, — дейді Президент.

Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт ретінде халқы­мыз­ды ыдырататын емес, біріктіре­тін жолды таңдап, тек қана алға қарауы­­мыз керек екенін қадап айтты.

Жалпыұлттық құн­ды­лық­тар бәрінен жоғары тұру­ға тиіс.

— Бұл туралы үнемі айтып жүр­мін. Тағы да қайталаймын, еңбек­қор­лық, білімпаздық, кәсібилік, бір­лік, ын­ты­мақ, жанашырлық, іскер­лік, баста­ма­шылдық, адалдық, қарапайым­дылық және үнемшілдік — нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құн­ды­­лықтар. Халқымыздың қуатын арт­ты­рып, табысқа жетелейтін осындай қа­сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар­қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.