Қаңтар ел тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Саясаттанушылар оған қандай баға берді? Тарихта тайға таңба басқандай із қалдырған қаралы күндер жайлы халық қалаулылары не дейді?
2022 жылдың 2-ші қаңтарында Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газының екі есе қымбаттауына байланысты шеруге шықты. 3-ші қаңтар күні наразылық бірден бірнеше облыста жалғасты. Әу бастағы бейбіт шеру кейін жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ең қатты зардап шеккен қала – Алматы. Мұнда бұзақылар әкімдікті өртеп, Президент резиденциясын, әуежайды, бірнеше ұшақты басып алды. Дүкендер, сауда орталықтары мен банк кеңселерін қиратты. Медицина қызметкерлерін ұрып-соғып, полиция көліктеріне шабуыл жасады.
5-ші қаңтарда үкімет отставкаға кетіп, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді. Ал 6 қаңтарда Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы еліміздің құрдымға кетуіне жол бермес үшін барлық іс-әрекетті тікелей өз бақылауына алды. Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбіт шеруге тыйым салынбағанымен, жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс»,- деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Осыдан тура 2 жыл бұрын Қаңтар оқиғасында сау тамтығы қалмаған қала әкімдігі ғимаратының бүгінгі көрінісі осы. Өртке оранған ғимаратқа 80 % залал келген еді. Оның тарихи келбетін сақтап, қайта қалпына келтіру жұмыстары биыл қазан айында аяқталды. Реконструкцияға 17 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
Саясаттанушылар Қаңтар оқиғасына қандай да бір нақты саяси баға беруге асықпайды. «Бұл уақыттың еншісінде»,- дейді.
Айдос САРЫМ, САЯСАТТАНУШЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Үш анықты түсінген сияқтымыз. Біріншіден, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз тәуелсіздігімізден, мемлекеттігімізден айырылып қала жаздадық. Қоғамды үнемі сабасына келтіріп отыратын мемлекеттің де керек екенін түсіндік. Айналып келгенде, азаматтардың соттасуы, митингке шығуы, сын айтуы, тіпті, жайбарақат үйде жатып алып, билікті жамандуы да мықты мемлекетті қажет етеді. Өйткені мықты мемлекет болмаса адамдардың құқықтарының бәрі жоққа шығады.
Елімізде бұған дейін де тиісті реформалар жүзеге асырылғаны анық. «Ал Қаңтар оқиғасынан кейін бұл өзгерістердің үдерісі жоғарылай түсті»,- дейді халық қалаулысы Максим Рожин.
Максим РОЖИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Ең басты халық қүктен дүниенің бірі – ол әділеттілік. Елдегі заң үстемдігіне қатысты сұрақтар, заң алдында барлығының бірдей болуына қатысты сұрақтар, жалпы елдегі байлықтың теңдей бөлінбеуіне қатысты сұрақтар көп қойылды. Қаңтар тек болып жатқан өзгерістерді жылдамдатты деп айтуға болады. Өйткені Қаңтардан кейінгі болған көп өзгеріс осы нақты Қаңтар кезінде жұртшылықтың талап еткен көптеген сұранысына жауап ретінде іске асты деп ойлаймын.
Қаралы күнді халық күрсіне еске алады. Бәрінің де тілегі бір – ашық аспанның астында бейбіт ғұмыр кешу.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Халыққа да, бәріне қиын болды. Қазақстанның экономикасына да әсер еткен шығар енді. Қорқынышты болды, неше күн шыға алмадық қой бір
он күндей. Соның бәрін көзімізбен көріп отырдық. Енді ондай қайталанбаса екен, тыныштық болса екен деп тілейміз Алладан.
- Қорқыныш болды, әрине. Жанұяна, бала-шағана, әйеліне қорқыныш болды. Мұндай жағдай қайталанбасын, келешекте мұндай болмайды деп ойлаймын. Өйткі, халық бәрін түсінді, білді.
- Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Бала-шаға осындай жақсы, шуақты күндерде жүре берсін. Қайталанбай-ақ қойсын. Бізге ондай керегі жоқ.
Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ден астам адам көз жұмды. Қасіретке толы күндер халқымыздың бірігіп, ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстау қажеттігін тағы бір мәрте еске түсіргендей.