Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Консервіленген өнімдер қауіпті дертке шалдықтыруы мүмкін

AstanaTV
06.01.2024ж. 13:54
611
Консервіленген өнімдер қауіпті дертке шалдықтыруы мүмкін

Үй шаруасындағы әйелдердің көбі маусымда әртүрлі көкөністерді, жемістерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды герметикалық қақпақтармен жауып, дайындайды. Консервіленген өнімдерді дайындау қағидалары сақталмаған жағдайда банкада өлім-жітімге әкелетін қауіп – ботулизм болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ботулизм – құрамында Clostridium botulinum бактерияларының уы (токсині) бар тағамдарды тұтыну кезінде туындайтын тағамдық улану. Ботулизм микробтары спора түрінде кең таралған. Споралар сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады, мұздатуға және кептіруге төзімді. Жемістер мен көкөністерге, азық-түлікке, үй жануарларына арналған жемге немесе ағзаның ішектеріне (мысалы, балықтардың) түскен жағдайда споралар оттегі болмаған кезде вегетативті түрге айналады және токсин құрайды. Токсин 80 градус температурада 30 минут ішінде, 100 градус температурада 10 минут ішінде бұзылады.

Ауру бірнеше сағаттан 5 тәулікке дейін дамиды. Науқас айналадағы адамдар үшін қауіп төндірмейді. Иммунитет қалыптаспайынша, қайта жұқтыруы ықтимал.

Аурудың басталуы әдетте жіті болып келеді. Науқастар іштің ауырсынуына, жүрек айнуына, құсуға, дене қызуының жоғарылауына, нәжістің бұзылуына шағымданады, содан кейін метеоризм, іш қату, іштің толуы, ауыздың құрғауы, бұлшықеттердің әлсіздігі, көру қабілетінің бұзылуы дамиды.

Тек өнеркәсіптік дайындалған консервілерді тұтыну ботулизмнің алдын алудың ең дұрыс жолы болып табылады, үйде дайындалған консервілерді қолдан сатып алуға, бүлінген көкөністер мен жемістерді консервілеуге жол берілмеуі тиіс.

Консервіленген банкаларды ашпас бұрын оларды тексеру керек – ыдыста ботулизм қоздырғышы дамыған кезде түбі мен қақпағы ісінуі мүмкін.

Тағамды дастарханның үстіне қоймас бұрын азық-түлік өнімдері және кез келген консервілерді қайнату, пісіру, қуыру ботулизмнің, басқа да ішек ауруларының және тамақтан уланудың алдын алудың негізгі шарасы болып табылады.