Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Петропавлдағы жылу-электр орталығының жаңа мұржасы іргетасына дейін бұзылатын болды

AstanaTV
08.01.2024ж. 18:30
546
Петропавлдағы жылу-электр орталығының жаңа мұржасы іргетасына дейін бұзылатын болды

Петропавлдағы 2-жылу-электр орталығының түтін мұржасы негізіне дейін бұзылады. Жобаның авторы - «Севказэнергопром» ЖШС мамандары тиісті зерттеулер жүргізіп, ресми қорытынды берді, деп хабарлайды Kazinform.

Былтыр 8 тамыз күні ЖЭО-2-нің құлаған мұржаның орнына салынып жатқан жаңасы бір жағына қисайып кетіп, нысандағы құрылыс тоқтаған еді.

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір осы түтін мұржасына қатысты тиісті есептер жүргізіліп, қорытындысы шығарылды. «Севказэнергопром» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС-ның мамандары түтін мұржасын іргетасына дейін бұзуға кеңес берді.

«Конустық жылжымалы қалыптың жүйесін дұрыс орнатып, оны монтаждау үшін қосымша конструкцияларды көтеруге уақытша және еңбек шығындарын болдырмау мақсатында және бастысы бұған дейін көтерілген және әрі қарай салынатын оқпанның бөліктерінің арасында «суық жапсар» болмауы үшін, арматураларын сақтай отырып, іргетасқа дейін темірбетон бөлігін бөлшектеу қажет», - дейді жобалық институттың бас директоры Владимир Пешков.

2024 жылдың 1 наурызына дейін түтін мұржасы бөлшектеліп алынбақ.

«Жобалау институтының қорытындысын негізге алдық. Сосын «ТеплоХимМонтаж» АҚ қосалқы мердігермен бірлесіп 1 сәуірден бастап +5С орташа ауа температурасы орнаған кезде қосалқы мердігердің технологиясын пайдалана отырып, мұржа құрылысына кірісеміз. Сонымен қатар нысан құрылысының мерзімі, сондай-ақ жоба сомасы өзгеріссіз қалады. 2024-2025 жылдарғы жылыту маусымының басталуына қарай пайдалануға береміз», - деді «Казтеплоспецстрой» ЖШС бас директоры Константин Бигожин.

Петропавлдағы ЖЭО-2-нің түтін мұржасы «Севказэнерго» АҚ және акционерлердің қаржысына салынады.

2022 жылдың наурыз айында құлаған мұржаның орнына салынатын жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болуы тиіс.

Салынып біткеннен кейін оған станциядағы 12 қазандық агрегатының жетеуі қосылмақ.