Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Мәжіліс төрағасы Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды

09.01.2024ж. 20:00
390
Мәжіліс төрағасы Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды. Депутаттар Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттары және тұрғындармен кездесіп, өңірдегі мәселелерді талқылады. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ел ретінде тек алға ғана қарауымыз керек» деген жуырда ғана берген сұхбатындағы негізгі басымдықтарға назар аударды. Өткен жыл еліміз үшін елеулі, маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Мемлекет басшысының кешенді реформалары жалғасып, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру басталды. Ұлытау өңірінде екі жылдың ішінде 3600 орындық 6 жайлы мектеп салынған. Алдағы уақытта перинаталдық орталық, спорт нысандары мен жаңа тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлытау облысының құрылуы бүкіл ел үшін маңызды оқиға екенін айтты. Сондықтан Президент, Парламент және Үкімет жаңа облыстың шарықтауына ерекше көңіл бөледі, - деді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

2-3 күн бұрын мен президент қабылдауында болдым. Сол жерде Ұлытау облысының мәселесі де көтерілді. Өздеріңіз білесіздер, Президент шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін орыны бөлек. Осыған орай, Мемлекет басшысының өңірде бірқатар әлеуметтік, мәдени нысандар, тұрғын үйлер салу жөнінде тапсырмалары бар. Оны орындау бәріміз үшін басты міндет. Ертең оның сұрауы да болады. Оны бірінші кезекте біз депутаттар өзіміздің бақылауымызға алдық.

Сондай-ақ сапар барысында бірнеше кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өтті. Сәтбаев қаласындағы «Анненская» кенішіне түсті, Жезқазған жылу электр орталығында болды. Кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған заңнамалық бастамалар туралы айтылды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлем енгізу және өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту жөніндегі түзетулер түсіндірілді. Мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік қолдауын жақсарту мәселелері талқыланды.