Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Қатерлі ісіктің 3, 4-сатыларында емдеп шығаруға үміт аз", - дәрігер

10.01.2024ж. 20:00
461
"Қатерлі ісіктің 3, 4-сатыларында емдеп шығаруға үміт аз", - дәрігер

Елімізде қатерлі ісікке шалдыққандардың саны 200 мыңнан асады. Онкология десе абдырап қаламыз. Өйткені, емі жоқ аурудай көрінеді. Ерте тексеріліп, ем қабылдаса дертті жеңуге болады. Ал үшінші, төртінші сатыға өтіп кетсе үміт азаяды. Дәрігерлер оны ашық айтып жүр. Соңғы жылдары қатерлі дерттің неге көбейіп кеткенін әріптесім Ақбота Базарбай анықтап көрді.

Астанада өткен жылы қатерлі ісік ауруымен ауырған науқастар саны 2022 жылмен салыстырғанда 1700 адамға көбейген. 15 мыңға жуық науқас онкологиялық дерттен емделген. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы кездері қатерлі ісіктің үш түрі кең тарап келеді. Ең қауіптісі - ішек пен асқазан қатерлі ісіктері. 800 адам тексеруден өтсе, соның жартысынан осы дерт анықталған.

Мария КОЗЛОВА, ЗЕРТХАНАШЫ-МОРФОЛОГ:

Талдау қорытындысы бойынша қабыну ауруларының жасарғанын байқаймыз. Бұған әрине, басты себеп ретінде коронавирус инфекциясын қарастырдық, себебі осы дерттің кесірінен адамдар ағзасындағы ең осал тұстары сыр беріп, созылмалы аурулары асқына бастады. Сонымен қатар иммунитеттің төмендеуі, көліктердің көбеюімен қалада ауаның жиі ластануы да қатерлі ісікті асқындыратын факторлар.

Дәрігерлер дертті анықтайтын технологияның қолжетімді болғанына қарамастан, адамдар көбінесе ауруы асқынған соң келетінін айтады. Ал бұндай жағдайда операция да ауыр өтіп, науқастың сауығып кетуі де ұзаққа созылады.

Гүлжан КЕРІМБЕКОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ КЛИНИКО-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Оларда ешқандай клиникалық симптомдар, яғни, ауру сезімі ешқандай болмайды. Бұл осысымен қауіпті. Соңғы сатыларында, яғни, 3-4 сатыларында Бұл ауруды емдеп, жазу өте қиынға соғады. Тіпті, көп жағдайда емнің тиімділігі болмайды. Көп жағдайда адамдар қайтыс болып жатады.

Бұрын науқастар емделуге шетелге барса, қазір Қазақстанда емнің барлық түрі қолжетімді. Онкологиялық аурулармен ауыратындарды емдеу тегін медициналық көмектің аясында ақысыз жүргізіледі.