$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО-да жол апатынан 10 күнде 12 адам көз жұмды

10.01.2024ж. 20:00
715
БҚО-да жол апатынан 10 күнде 12 адам көз жұмды

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты. Көлікте болған екі жасар сәби ғайыптың күшімен тірі қалған, бірақ анасынан айрылды. Ауыр халдегі бөбек қазір балалар ауруханасында. Полиция дерегінше, апатқа түскен көліктің бірі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен, жазғы дөңгелегі қысқы шинаға ауыстырылмапты. Өңірде жыл басталғалы, 9 күннің ішінде 12 адам қаза тауып, 21 жолаушы жараланған. Мұндай жағдай соңғы 20 жылда болмағанын жеткізген сақшылар бұған жол берген шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғамақ. Өйткені қар жауған соң, жол уақытылы тазартылмайды. Осылайша аймақтағы автотрассалар көкмұзға айналады. Әзірге өз міндетін дұрыс атқармаған жауаптыларға 12 әкімшілік хаттама толтырылған.

Олжас ИБРАИМОВ, БҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Лауазымды тұлғаның берген нұсқамасын орындамау фактісі бойынша "Қазавтожол" мекемесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа жолданды. Сотпен шешім қабылданатын болады. Берген нұсқаманы орындамағаны үшін БҚО автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысына қатысты қазіргі кезде біздің әріптестеріміз әкімшілік іс қозғап жатыр, 462-бапты 3-бөлігімен.

Полиция тұрғындардан боран тұрып, қар жауған кезде жолға шықпауын сұрап отыр. Өйткені жол тазалығына жауапты мекемемен арадағы келісімнің мерзімі аяқталыпты. Сондықтан барынша сақ болған жөн. Ал бүгін тәртіп сақшылары дін өкілдерінің көмегіне жүгінді. Апаттан қаза болғандардың аруағына құран бағыштап, қара қойды құрбандыққа шалды.