$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Пойыз машинистері наразылық білдіруде

AstanaTV
11.01.2024ж. 09:31
646
Пойыз машинистері наразылық білдіруде

Германияда жүк және жолаушылар пойыздарының жүргізушілері үш күндік наразылық акциясын бастап, бұл бүкіл ел бойынша теміржол қатынасында үзілістерге әкелді. Сонымен бірге неміс фермерлері субсидиялардың жоспарлы қысқартылуына наразылық білдіріп, жолдарды жауып жатыр. Kazinform агенттігі бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Deutsche Bahn (DB) ұлттық теміржол операторының мәліметінше, ұзақ сапарға шығатын пойыздардың шамамен 80%-ы тоқтатылды. Шектеулер аймақтық тасымалдауға да әсер етеді.

Машинистер кәсіподағы жалақыны көтеруді, сондай-ақ пойыз машинистерінің жұмыс уақытын аптасына 38 сағаттан 35 сағатқа дейін қысқартуды талап етіп отыр.

Deutsche Bahn бұл талаптарды қанағаттандыра алмайтынын айтты.

Машинистердің наразылығынан миллиондаған жолаушылар жоспарларынан бас тартуға немесе діттеген жеріне жетудің басқа жолдарын іздеуге мәжбүр болды.

Ереуіл 10 қаңтарда басталып, жұма, 12 қаңтарда аяқталуы тиіс. Осы уақытқа дейін Германияда пойыздар уақытша апаттық кестемен жүреді.

Неміс фермерлерінің наразылық шеруі өткен жылдың желтоқсанынан жалғасып жатыр. Дүйсенбіден бастап фермерлер кейбір тасжолдар кіреберістерін тракторларымен жауып, қалалар мен елді мекендерде митинг өткізуде. Наразылық шаралары көлік қозғалысын қиындатқан.

Фермерлер өткен жылдың соңында бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталған бірнеше қатаң шаралар енгізген Германия үкіметімен апта бойы келіссөздер жүргізді.

Сонымен қатар билік дизельдік отынға дотацияны алып тастауды және ауыл және орман шаруашылығында қолданылатын техниканы көлік салығынан босатпауды көздеді.

Шаруалардың жаппай наразылығынан кейін үкімет бюджетті үнемдеу шараларын жұмсартуға келісті. Атап айтқанда, дотацияны кезең-кезеңімен алып тастау туралы шешім қабылдап, техникаға салық жеңілдіктерін қалдырды.

Дегенмен бұл шаралар фермерлерді тыныштандыруға көмектескен жоқ. Олар үкіметтен субсидияны қысқартудан толығымен бас тартуды талап етіп отыр.