15 жыл бойы құжатсыз жүрген Венера Құрбаназарова Қазақстан азаматтығын алды. Жылдар бойы талай органның табалдырығын тоздырған келіншек әбден қажығанын айтады. Бірақ шалғайдағы ауылға келіп, мобильді қабылдау жүргізген "AMANAT" партиясының өкілдері оның үмітін оятып, қол ұшын созды. Осылайша атамекенін аңсап келіп, қатарымызға қосылған қандастарымыздың қатары тағы бір азаматпен толықты.
Венера Құрбаназарова 2009 жылы Өзбекстаннан көшіп келіпті. Кейін тұрмыс құрып, Батыс Қазақстан облысына қоныс аударады. Қазір күйеуімен бірге үш бала өсіріп отыр. Бірақ келіншек сол кезден бері құжатсыз жүр. Отанына оралған қандасымызға жеке басын куәландыратын құжат әперуге әкімдердің де әлі келмепті.
Венера ҚҰРБАНАЗАРОВА, ТАСҚАЛА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үш емес, төрт балалы болдық даже. Бармаған жеріміз жоқ, бардық. Тек қана бізге уақытша документ берді. Ол уақытша документпен көп ешқайда жұмыс та істей алмаймын. Пособие бәрінен қалдық, ешқандай ештеме еткен жоқпыз. Сосын амалсыздан осы "AMANAT" партиясына келіп Тасқала ауданының. сол кісілердің арқасында 2024-те документті болып, бәріне қазір ілігіп жатқан жағдайымыз бар.
"Халыққа көмек" партиялық жобасымен облыстың түкпір-түкпірін шарлаған партиялықтар қоғамдық қабылдауды тұрақты жүргізеді. Осы кездесу арқылы көп жұмыс атқарылды. Кеңес пен көмекке мұқтаж жандарды күттірмей, оларға өзіміз барамыз, олардың шағымын мемлекеттік органдарға жеткізіп, мәселесі оңымен шешілуіне күш салдық, дейді партиялықтар.
Люция ЖҰБАНЫШҚАЛИЕВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ТАСҚАЛА АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Венераның сөзі жетті жүрегімізге. Мүмкіндік болса, қолымыздан келгенше көмектесу керек деген ойға келдік. Көлігін, баратын пәтеріне, жаңағы құжаттарына барлығына қолымыздан келгенше ақшалай, қаржылай көмегімізде беріп, соны аннан звондап, бәрін тапсырып, құжаты келгенше біз де сол кісімен бірге асыға күттік.
Венера бүгінде жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Енді өз мамандығы бойынша қызметке тұрып немесе ұнаған жұмысына орналаса алады. Құжаты түгелденіп, көңілін демдеген келіншек, енді жәрдемақы алу үшін балаларының құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Былтыр "AMANAT" партиясының облыстағы қоғамдық қабылдауына түскен 2 мыңнан астам өтініштің тең жарымы оңымен шешілген. Олардың дені - әлеуметтік мәселелер.