Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Оралда отбасынан зорлық көргендер орталығында орын тапшы

12.01.2024ж. 20:00
826
Оралда отбасынан зорлық көргендер орталығында орын тапшы

Оралдағы отбасында жәбір көргендер паналайтын орталықта орын тапшы. Өйткені ғимарат небары он адамға арналған, ал келушілердің саны одан көп. Былтырдың өзінде бұл жерге жүз адам бас тіреп, жәрдем сұрап келген. Олар орталықта жарты жылға дейін паналай алады. Осы уақыт ішінде мамандар кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетеді. Бұдан кейін дені райынан қайтып, жұбайымен татуласқан. Осылайша бала-шағасымен отбасына оралыпты. Бір қызығы, жақын жандардан жәбір көргендердің қатары мейрам қарсаңында күрт көбейеді екен. Мамандар мұны әлеуметтік ахуалмен байланыстырады.

Мариэтта ДӘУЛЕТИЯРОВА, "ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАЛҒАН ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫ" КММ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жаңа жылдың тап алдында бізде деген орын болған жоқ. 10 адамның орнына 12 адам болды. Былтыр жатқан 35 әйелдің ішінен 22-сі отбасына оралды. "Айналайын, сен кешірсеңші, отбасын ойран қылмасайшы", - деп кешірім сұрайды. Гүл беріп жатады, небір-небір сыйлық беріп жатады. Одан кейін күйеуі келеді, күйеуінен кейін атасы, енесі келеді, қайын апалары келеді... Енді біздің орталықтың мақсаты ажырастыру емес.

Бүгінде елімізде 41 дағдарыс орталығы бар. Мұнда жәбір көргендерге барынша жағдай жасалғанымен, жағдай өзгерер емес. Мысалы, былтырдың өзінде елімізде қорғансыз қыз-келіншектерге күш көрсеткендердің қатары 60 мыңнан асқан. Оралдық орталықтың жағдайымен танысқан Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева осы мәселе туралы заң жобасы өзгертілетінін жеткізді. Енді мұндай орталықтарға әлсіз әйелдерді сабаған зорлықшылардың өздері әкелінеді. Оларды отбасынан оқшаулап, тәрбиелеу көзделіп отыр.

Снежанна ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Азамат егер зорлық көрсетсе, отбасынан бөлек шығуы керек. Егер оның тұратын орны болса, өзінің басқа үйі болса, қазіргі талқылауда бұл норманы алып тастау керек. Егер де берілген жаза мұны түзетпесе, онда міндетті түрде психологпен жұмыстану, сабағын алу керек деген норма бар. Осындай нормалар талқылануда.