«Халықты аш дейін десең аш емес, тоқ дейін десең тобырлық деңгей – мынау». Сенатор Нұртөре Жүсіп тегін тамаққа таласатындарды сынға алды. Айтатындай-ақ бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл Жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта жайпап кеткендерді де көрдік. Сорақысы, осы видеолар халықаралық басылымдарда мыңдаған қаралым жинаған. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік? Аружан Задабектің материалы.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Ұят болады, жаман болады, обал болады. Қазақ осы небәрі үш сөз арқылы бүкіл қоғамды тәрбиелеген. “Сөз сүйектен өтеді” деген осы-ау. Дана халық даналық сөзімен дарақылық пен даңғазалықты доғарған. Ал қазір ше?
Қазір тегін дегенді естісек тегімізді ұмытуға дайынбыз.Қазақта «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар еді. Тәжік жұрты қазанын арқалап Астанаға келгені сол еді, біздікілер ақысыз деген жеміс пен декорациядағы табаққа дейін талап кетті.
Тамаққа талас біздің елде бұған дейін де болған. Шымкентте тонналап палау пісіргенде де халық бірін-бірі таптап, аш адам секілді қазанға лап қойған. Сонда «ашаршылық келді ме?» деп тағы бір шуладық.
Ал, мына әдемі шыршаның сәні санаулы секундтардан кейін-ақ сыпырылып қалды. Халық әншейінде назар аудармайтын тәттіні тегін дегеннен кейін бір-бірінің үстіне шығып, таласты. Хош, халық бұл деңгейге қалай түсті?
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Айлығың өзіңе жетіп тұрса барып шоколадқа жабыспайсың ғой. Или барып арбузға жабыспайсың.
- Мәдениеті жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Өйткені көзге көрініп тұрған нәрсе. Қоқыс тастау, темекіні, магазиннен шығып бірнарсені тістей салып тастау көзге көрініп тұр.
- Мәдениет бізде әлі жоқ. Мәдениеттен жұрдай ғой.
Мемлекет мәдени деңгейімізді көтеруге, таным түсінігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмысты жүргізіп келеді. "Мәдени мұра" бағдарламасымен басталып, "Рухани жаңғыру" бағдарламасына дейін жалғасқан істердің барлығының да түпкі мақсаты - елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіру. Бірақ депутаттар мұнымен іс бітпейді, - дейді.
Нұртөре ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Отбасындағы тәрбие далада қалды. "Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе" деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың "ұят болады, жаман болады, обал болады" деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта көргенсіз деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз.
Елдің құндылығын жоғарылату – бірінші кезекте тұрған мәселе. Ақ көйлектің жағасы кірлесе кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе қалай кетіреміз?
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ:
Палауға талас, шыршаның шоколодына таласу, Астанадағы көкөніске таласу дегендердің бәрі төменгі инстинктің, вибрациялардың қоғамдық орындарда барынша үстемдік алғандығын көрсетеді. Сондықтан да әлі де бізде кеш емес. Әлі де идеологтар ойланып, жоға қойса, ретке келтіруге болады.
Мемлекет басшысы "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында ел мәдениетін арттыру маңызды мәселе екенін айтты. Бұған дейін де Президент "Толық адам", "Адал азамат" идеяларын ұсынған. Сенат депутаттары да 20 миллион қазаққа ортақ осындай құндылықтар жүйесін қалыптастыру керек дейді.