Айдалада лашықта тұратын отбасы бар. Әжесі мен немересі. Арпалыс өмір. Уайым серік. Бейімбет Майлиннің әңгімелерін еске түсіретін тіршілік. Аш жүрмесе де...
Бірақ олардың кеуделеріндегі үміт сексеуілдің шоғындай қып-қызыл. Тіпті Гүлсара апаның да, 13-тегі Бекарыстың та болмысы қызуы күшті, шөл даланың символдық мәні бар өсімдігі – сексеуіл сияқты.
Гүлсара Жәмиева, үйсіз жүрген кейуана:
Үйін тазаладым, кірің жудым, тамын әктеп бердім... Ол кезде екі қолым сау, сылап бердім, алғаным төрт мың, сыртынын бәрің сылағанда төрт-ақ мың берді маған, осыдан екі-үш жыл бұрын, төрт мыңмен де күн көрдім.
Қара қағаз төселген еден, қамыс аралас шатыр, тесігі мен жамауы көп мынау лашықты үй деуге аузың бармайды. Біреудің құлайын деп тұрған кепесін паналап отқан Гүлсара апа мейрімді жандар берген ыдыс-аяқ, көрпе-төсенішті пайдаланып, 13 жастағы немересіне қайғы-мұңын көрсетпеуге тырысып келеді. Айдалада тұрып жатқандарына бес жылдай.
«Неге?» деген сауалдың жауабы - осыдан он жыл бұрын ел ортасынан екі жасар немересін қойнына салып, облыс орталығына бір күнде көшіп кетуге мәжбүр болған. Себебі босағасына тастап кеткен баланы асырап алған. «Қайтесің, өз күнінде көре алмай жүріп» деп азғырған ағайынның сөзіне мән бермей, ата-анасыз қалған нәрестені жылатпай, жан жылуын беріп өсіруге бел буады. Сөйтіп 2005 жылы Қызылорда манайындағы саяжайлардың бірінен үй де табады. Егесі ақысыз отыруына рұқсат берген. Сол кезде азаматтық танытқан кісілерге осы күнге дейін ризашылығын білдіріп келеді. Гүлсараны жұмысқа орналастырып, немересін Тасбөгет кентіндегі орта мектепке алғызады.
Гүлсара Жәмиева, үйсіз жүрген кейуана:
2005-тен 2009-ға дейін саяжайда тұрдым, әшейін тұрдым. Орталыққа келіп, Тасбөгетке бір мекеменің қарауылдығына тұрдым. Ол жерде тұрғанда мектепке жақын болды. Барамыз, қайтамыз. ПМК-н сегіз мыннан, сегіз мыннан он алты мың алып тұрдым айлық. Қиындық көрген жоқпын, халықтың ортасы, балам мектепке барып жұр. Ол банкрот болды деді де, бізді шығарып жіберді.
Сөйтіп далада қалған кейуана немересін жетектеп жүріп, айдаладан осы лашықты тауып, кіріп алады. Жауын немесе қар жауса үстінен су сорғалаған кепе. Тұрған жерлерінен қала орталығына дейін 20 шақырымдай болса, жақын орналасқан Тасбөгет кентіне дейін 10 шақырымдай жүріп барады. Оқу озаты Бекарыс мектебіне дейін жаяу 1 сағатта жетеді екен. Кейде жаны ашыған жүргізушілер тоқтап, ала кетеді. Қалай болса да немересін аш қалдырмауға тырысқан кейуана әркімге жалданып, қара жұмыс та істейді. Барлық азапқа шыдаған ананың арманы - немересін азамат етіп өсіру.
Гүлсара Жәмиева, үйсіз жүрген кейуана:
Тек сен өтірік айтпа, ұрлық істеме, біреудің нәрсесіне қызықпа - сол сенен өтінетінім менің. Бір жаман атқа қалсаң жаман болып кетесің, жаным. Ертеңгі күні әжеңді қарғап жүрмесің ешкім.
Гүлсара апа «бер, бер» деп, бәрін сұрай беретін тілемсек емес. Зейнетақысын қосқанда балаға қамқоршы болып отырғаны үшін қырық мыңға жуық теңге алатынын айтып, шүкіршілік қылады. Одан басқа қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жәрдемдесіп, қайырымды жандар да көмектесіп тұрады. Бірі азық-түлігін жеткізсе, екіншісі көмір мен отын түсіріп береді.
Гүлсара Жәмиева, үйсіз жүрген кейуана:
Суды мынау үй береді, арбамен тасып аламын. Егерде бермесе-каналдан ішеміз. Оямыз үкі қылып. Сол үкіден шелекпен батырып, аламыз, ішеміз. Міне осы өміріміз. Адамнын сенімі жоғалса ештенеден үміт күтпейді.
Десе де Гүлсара апайдың жаны жай таба алар емес - бір күні бірнәрсе бола қалса, немерем жалғыз, далада қаңғып қала ма,- деп езіледі. Бүкіл әлемде бір-бірінен басқа жақындары қалмаған қария мен бозбаланың Жаратқаннан тілегені - баспана. 2011 жылы мемлекеттік бағдарламалармен берілетін үй кезегіне тұрған.
Гүлсара Жәмиева, үйсіз жүрген кейуана:
416 қылып тіркеді, жетімдер тобы қылып. Содан кейін барлық топ қосылып кетті деп маған хабарлады. Содан бардым, барсам төрт мың бірдеңе қылып жіберіпті. Сосын кейіннен барғанда келді де 357 қылып тастады. Бір талай уақыт болды енді 320 түскеннің өзінде де, бір талай уақыт болып кетті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы бұл отбасының жағдайынан хабардар. Пәтер алу мәселесіне еш араласа алмайтындарын айтты.
Аманжол Алдажаров, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
Тиісті заңдылықтарға сәйкес, кезектілігін біз ешқандай - менің тарапымнан да, басқа қала әкімінің де тарапынан да, оны заңсыз ия кезегін жылжытып, басқа да жағдай жасай алмаймыз. Өткенде интернет желілері арқылы Тасбөгет кентінде жұбайы да, өзі де инвалид кісілерге қамқор болып, үй алып беріп жатыр. Міне осындай жағдайлар болып жатса егер қамқор көрсетемін, қайрымдылық жасаймын деген адамдар болып жатса, мүмкін, соған ғана біз ықпал жасап, көмектесуге дайынбыз.
Әжесінен мойымауды үйренген Бекарыс намысшыл екен. -Өсіп, адам болып, әжемді алақаныма саламын,- дейді. Жиі ауырса да сабағынан қалмауға тырысады. Бала ғой, жаңа жылдан бір керемет күтетінін сездік. Бозбала көзінен төгілген ұшқын жүректі қозғап, елжіретті...
Бекарыс Баржақсиев, Тасбөгет кенті 11-орта мектептің оқушысы:
Жаңа жылда там берсе екен және
ноутбук берсе екен. Арманым көп енді жаңа жылда. Қар қатты
жауса екен. Жаңа жылда жаңа табыстарға жетсек екен. Болашақта қауіпсіздік
комитетінде істеп жатсам әжеме көмектесіп, бағып, көмектескім келеді.
Гүлсара Жәмиева, үйсіз жүрген кейуана:
Көп сөйлеген Аллаға күпір деймің, ия, Алла, мұнына да шүкір деймін. Келе жатырм немеремді қағып, бағып, көз-тілден аман сақтасын, түкір деймін деген өлендерім бар менің...
Шарипа Сақтапова, «Біздің уақыт».
Біздің тілшіміз барып сұрағаннан кейін облыстық
әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар Бекарыстың бір тілегін орындайтын
қайырымды жандарды тауыпты. Олар балаға нуотбук пен тәттілер, жаңа-жылдық
шыршаға билет беріп кетті...