Президент осы аптада Алматыға барғанында жаңа музейді аралап, «музей көп болмайды» деген. Бірақ бізде көп деп ойлайтын шенеуніктер бар.
Ахмет Байтұрсынұлы 1934 жылдан 1937 жылға дейін тұрған үй қазір музей. Алайда...
Студент кезімде Шолпан Ахметқызынан интервью алғам. Ол және университеттегі ұстаздардың тапсырмасы етін – материал ешқайда шықпайды. Шолпан апаның сонда да уақытын қиып, сұхбат бергені ...асылдың сынығы. Ұрпақ білсін, ұқсын, түйсінсін дегені. Бірақ Алаш ұрпағының түйсінбегені көп. Айгүл Ермахан жалғастырады.
Бұл терезелері ағаштан өріліп, қабырғасы кірпіштен қаланған, бір қарағанда баяғы көпестердің дәуірін елестететін, қаладағы ешбір ғимаратқа ұқсамайтын өзгеше үй. Сырты қандай әдемі болса, ішіндегі шертер сыры да жетерлік. Алаштың басынан өткен қиын-қыстау кезеңді баяндайтын құнды мағлұматтар бар. Айтып отырғанымыз «Ұлт ұстазы» деген ұлықтауға ие болған Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі. Өкініштісі 20 жылдық тарихы бар мұражай бүгінде тек студенттердің дәрісханасына айналған. Себебі шенеуніктер мұнда аяқ баспайды. Бас сұға қалса, қаржы сұрайды,- деп қорқатын болар, шамасы.
Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:
Ахмет Байтұрсынов атындағы қоғамдық қор ашылып қойған болатын. Оны ашқан осы Ахмет атаның немере інісі Мәшен ұлы Самырат аға. Ол кісі де қазір өмірден озып кетті. Ол кісінің тұсында және Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан апайдың тұсында мұражай қорына біршама ақша құйылды. Өйткені Самырат ағаның беделі өте жоғары болды. Ал, одан кейін жағдай онша болып келе жатқан жоқ.
Тіпті бірнеше рет сүріліп кете жаздаған. Табыстық мақсаттағы нысандар салғысы келіп көз тіккендер аз болмаған. Сол тұста белгілі академик Тұрсынбек Кәкішевтің араша түсуімен мұражай жабылмаған. Ал, үш жыл бұрын қақаған қыста жылусыз қалған. Әйтеуір жоғары шенділер көруге келіп, жергілікті шенділер қайта қостырыпты. Қазір мұражайға кіру билетінен түскен азын-аулақ ақша ай сайынғы жылу мен судың төлеміне жетіп жығылады.
Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:
Мәдени мұралар Үкіметтің тікелей қамқорлығында болмаса, жетім баланың күйін кешеді дегені рас екен.19 соттық жері бар. Мына үйдің өзінің жалпы көлемі 160 кв метр. шаршы метр. Осының бәрін ұстап тұру, бір қоғамдық қордың мүмкіншілігі жете бермейді.
Ахметтанушы апай мұражайда тегін жұмыс істейді. 20 жылда 20 тиын алмағанын айтады. Тіпті кейбіреулер айлық алмасаң, отырушы ма едің,- деп миығынан күлетін көрінеді. Оны ұстап отырған ұлт көсемінің ұрпағына берген аманаты.
Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:
Марқұм Шолпан апа осы Ахмет Байтұрсынұлының қызы ғой. Сол кісіден кезінде өздерің сияқты журналист болғанмын «Халық конгресі»,- деген газетте. Сонда сұхбат алуға барғанмын. Шолпан апаның әкесіне қатысты қағаздарды сақтай алды ма, мына Ахметтің өміріне қатысты суреттерін күллі жинаған дүниесін сеніп маған бере салуы, осыны аманаттаймын ертеңгі күні мұажайда директор болмассың, бірақ бір бұрышында кітапханасын басқарып отырып осыған иелік етемін деп уәде бер деді.
Сол уәдесінде тұрды. Жоғары оқу орнында ұстаздық етеді. Қолы қалт еткенде мұражайға жүгіреді. Әйтеуір тиын-тебен түсе қалса, тұлғаның кітаптарын жаңартып, еңбектеріне қатысты жаңа деректерді іздеуге кіріседі. Жуырда «Алаш арыстары» жайында қалам тербеген АҚШ ғалымы Edward Allworth-ң еңбегін тапты. Кітаптың аты - «Орта Азия Ресей билеуінде». 1967 жылы жарық көрген. Ол Абай, Ыбырай, Шоқан Уәлихановтан бастап, Алаш зиялыларын түгел қамтыған.
Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:
Сол кітап туралы мен 1992 жылы оқыдым. Темірбек Қожекеевтің «Қайта қауышқан қайран ерлер» деген мақаласында. Содан бері сол кітапты іздеумен жүрдім. Сол кітаптың 1992 жылы бірнеше данасының келгенін жақында естіген де таңқалдым. Біздің зерттеу саласында жүрген кейбір ғалымдарды түсінбеймін. Алып келген дүниені мына ғылыми айналымға түсіріп, ортақ дүние жасаудың орнына, бауырына басып жатып алады. Мен осы мәселені Еуразия универсиетінде «Байтұрсынов оқуларында» көтергенмін.
Сонда Олжас Мейрамұлы есімді студент көкейіне түйіп алады. Бірде нәпақа табу үшін, АҚШ-қа жолы түседі. Бара сала кітапты іздеуге күш салады. Ақыры тауып, елге жібереді.
Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры:
Америкадан келген кітапты академик Кенжеғали Сағадиев сканерлеп, орыс тіліне аударғаннан гөрі бірденнен қазақ тіліне аудару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан қазір мұнда емес. Сол ғалым кітапты жазған осы 26 қазанда 96 жаста қараған шағында қайтыс болыпты.
Мұражайға бас сұққан адам әуелі ұлт көсемінің қолы тиген құнды жәдігерді ұстағысы келеді. Бірақ саналы ғұмырында бес рет түрмеге түсіп, екі рет жер аударылып, қудаланған жанның артында қандай дүние-мүлік қалсын. Ахмет Байтұрсынұлы ұстаған мүліктен сандық пен қол чемоданы бар. Оларды отбасымен сыйлас болған туыстары мұражайға 1998 жылы тапсырған. Ал, мына суреттегі Александра Иванқызы. Ұстаздың жары. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы әйеліне Бадрисафа деген есім берген. Құраннан аударған кезде «Бадрун» — толық ай, «сафа» — кіршіксіз дегенді білдіреді. Келіншегін ауылға таныстыруға алып келгенде: Сібірге жер аударып жіберген адамдардың қызын не бетіңмен әкелдің,- деген ауылдастарына былай депті.
Сұрасаңыз есімі – Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қып, сауаптансам,
Тұрмай ма он молданың иманына.
Ақиқатында Ахмет Байтұрсынұлының кіндігінен бала тарамаған, аға-інісінен бауырына салып, өз атына жаздырған екі ұл, бір қыз болған. Шолпан ақсары қыз болғандықтан, Ахметтің жұбайы өзі қалап, оны үш жасынан тәрбиесіне алыпты. Осылайша ағасы Кәкіштің ұлдары Аумат пен Қазихан, Мәшеннің қызы Шолпан Ахмет пен Бадрисафаның балалары болып кеткен. 1929 жылы Ахмет түрмеге жабылған кезде, мұғалімдер семинариясын енді бітірген Аумат пен Қазиханды ел шонжарлары «халық жауының асырандылары» деп, ат құйрығына сүйретіп өлтірткен. Мұражайда Ахметтің бала кезіндегі болған оқиғалар тарихи деректермен сабақтастырылып, шынайы суреттелген. Мұнда «тар жол, тайғақ кешуден» мол мағлұмат беретін сарғайған құжаттар, ақталғаннан кейін тұлғаға көрсетілген құрметтен хабар беретін томдықтар да тұр.
Айгүл Ермахан, тілші:
Ол халқын ғылым-білімге жетелеу үшін барын салды. Араб харпіндегі тұңғыш төте жазуәліппиінжасап, «Қазақ газетін» шығарды. Сондағысы жұтылып кетудің алдында тұрған ұлтына араша болып, сауатын ашу еді. Жеке басынан ұлттық мүддені жоғары қойған жан. Өзі «мәдени ошақтар мемлекет қамқорлығында болуы керек» деп айтқан. Бірақ осылай деген Алаш арысы мұражайының өлместің күнін кешіп тұрғаны бүгінгі ұрпағына үлкен сын. Біздікі айту, тек көрер көз, естір құлақ болса, әрине. Ұлт ұстазының шығармашылық мұрасымен жалпылай таныс болғанымызбен, қалың жұрт құлақтана қоймаған тұстары әрі баршылық,- дейді мұражай басшысы. Бірақ мемлекет қарауынсыз қалған мемлекет қайраткерінің үйінде жаңа деректерді зерттеп-зерделеу мүмкін бе?..
Айгүл Ермахан, «Біздің уақыт».